Өзгеріссіз қалған үкім: Мирболат Мырзатайұлы сотының жай-жапсары

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz

Алматының апелляциялық соты белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Оны былтыр Медеу аудандық соты «ұлтаралық араздық қоздыру» бабымен айыпты деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған, деп хабарлайды Ulysmedia.

Өзгеріссіз қалған үкім

Бүгін Алматы қалалық сотында Мирболат Мырзатайұлының апелляциялық соты өтті. Процеске белсендінің өзі қатыстырылмады. Сот ғимаратына оның жақтастары мен туыстары келді.

Сот алқасы, прокурор және Мирболат Мырзатайұлының әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлшат Бишуинова бір залда отырды. Қалған сотқа қатысушылар процесті бөлек екі залдан бақылады.

Адвокаттар сот алқасынан бірінші инстанциядағы сот үкімін бұзып, белсендіні ақтауды сұрады. Прокурор оған қарсылық білдірді. Сот алқасы Мирболат Мырзатайұлына шыққан сот үкімі заңды екенін айтып, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырды.

«Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық сотының 2025 жылғы 13 қарашадағы Мирболат Мырзатайұлы Бишуиновке қатысты сот үкімі өзгеріссіз, қорғаушы адвокаттар Балғабаева мен Құрманбаеваның апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деді сот алқасының төрағасы.

Бостандық талап еткен белсенділер

Сот алқасы кеңесу бөлмесіне кеткен сәттен бастап белсендінің жақтастары оны босатуды талап етіп, ғимарат ішінде және алдында «Мирболатқа бостандық!» деп ұрандатты. Олар «белсенді қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін жазықсыз отыр» десті.

«Мемлекеттік заңды орында дегені үшін, ешқандай қылмыс емес, ешқандай кодексте жоқ. Қылмыстық кодексте де, әкімшілік кодексте де жоқ. Халықты қорқыту үшін әдейі жауапқа тартып отыр. Егер үкімет өзі шығарған заңын орындата алмаса оны неге қабылдайды. Отыз жеті жыл болды міне қабылдағанына. Енді мемлекеттің шығарған заңын орында дегені үшін, менің шығарған заңым емес, Мирболаттың шығарған заңы емес... Ақымақ болмаса соттамайды. Ешқандай қылмысы жоқ», – деді диссидент Хасен Қожахмет.

Сотқа келген желтоқсаншылар да Мирболат Мырзатайұлын босатуды талап етті. Олар да тағылған айыппен де, сот шешімімен де келіспейтіндерін айтты. Белсенділер «Мирболатқа бостандық!» деп ұрандата бастағанда оларға қалалық әкімдіктің ішкі саясат басқармасының өкілі Әлімбаев келіп, жиынның заңсыз екенін айтып, ескерту жасады. Полиция мен арнайы жасақ белсенділерді сырттай бақылап тұрды. 

“Кассациялық шағым түсіреміз”

Ulysmedia тілшісі сөйлескен павлодарлық белсенді, қазақ тілі мәселесін көтеріп жүрген Руза Бейсенбайтегі қазақ тілін талап еткені үшін сот өткізу дұрыс емес екенін айтты.

«Мынау әрине өте дұрыс емес сот. Ешқандай мемлекет өз елінде өзінің мемлекеттік тілін талап еткен адамды соттамауы керек. Білмеймін енді қашан жетеміз сол жағдайға», – деді ол.

Мирболат Мырзатайұлының әйелі Гүлшат Бишуинова апеллциялық сот шешімімен келіспейтінін айтты. Ол алдағы уақытта кассациялық шағым түсірмек.

«Былай қарап тұрсаң, ешкім ешкімнің басын жарып, қырылған жоқ қой. Сондай бір төрт жылға соттайтындай. Кассациялық шағым түсіреміз. Жоғары сотқа да шағымданамыз», – деді ол.

Мирболат Мырзатайұлы былтыр қыркүйек айында ұсталып, оған қоқыс жинайтын мекеме басшысынан мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған. Медеу аудандық соты оны төрт жылға түрме жазасына кескен.  Белсенді өзіне тағылған айыппен де, үкіммен де келіспеген.