"Бірде-біреуі қазақша білмейді": Павлодар алюминий зауытында тілге қатысты дау шықты

Ulysmedia

Павлодардағы алюминий зауытында мемлекетік тілге қатысты дау туды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Желіде тараған видеода мекеме қызметкерлерінің бірде-бірі қазақша сөйлей алмайтындығы автордың шамына тиген.

«Менімен қазақша сөйлесе аласыз ба? Қазақша аудармашы шақырыңыз. Мен мемлекеттік тілде жауап алайын десем, бірде-бірі қазақша білмейді. Мен Қазақстан Республикасының азаматымын, қазақша жауап беріңіз»,- деді автор.

Заңның мемлекеттік тіл туралы бабын еске салған ер адам зауыт басшылығынан қазақ тілінде ақпарат беруді талап еткенімен, бір ауыз қазақша сөйлей алмайтын кәсіпорын өкілдері Қазақстанда орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылатынын алға тартумен шектелген.

Сондай-ақ, видео авторы зауытта КСРО елтаңбасы ілініп тұрғанына наразылық білдірген.

Пікір жазушылардың басым бөлігі оның бұл әрекетін қолдап, әрбір адам «қазақ тілін» дәл осылай талап етсе екен, деп жазуда.

“Жекеменшік зауыт болса да, басшылығы қазақ тілін білуге міндетті”, “Жұмысқа алар алдында қазақ тілінен емтихан тапсырту керек” дейді пікір білдірушілер.