«Билікті басып алмақ болды» деп айыпталған бес белсендіге қатысты алдын ала сот талқылауы басталды. Процесс онлайн өтті. Іс бойынша күдікті деп талынған Қайсар Өзбек, Талғат Әшіров, Асқар Нұрмаған, Әбдуәлі Тағай, Дүйсенбек Жақашев процеске тергеу изоляторынан онлайн қосылды. Олардың адвокаттары мен прокурор да сотқа онлайн қатысты. Істі Алматының Алмалы аудандық соты қарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Алдын ала сот талқылауы
6 ақпанда өткен алдын ала сот талқылауында айыптаушы прокурор негізгі сот талқылауын онлайн өткізуді сұрады. Ол мұны қауіпсіздігіне алаңдаған куәгердің өтінішімен байланыстырды.
Айыпталушылардың адвокаттары сот отырысын керсінше ашық, офлайн форматта өткізуді, қорғауындағы белсенділерді сот залына алып келуді сұрады.
«Өзінің қауіпсіздігіне алаңдаған куәгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін неше түрлі шаралар бар. Мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тәсілдер бар деп есептеймін. Осыған байланысты процесті жабық өткізу заңсыз әрі негізсіз деп ойлаймын. Сол себепті прокурордың өтінішін қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын», – деді адвокат Жанар Балғабаева.
Прокурор Артықбаев адвокаттардың өтінішхатына қарсылық білдірді. Ол сотты онлайн өткізу практикада бар екенін алға тарты.
«Біздің Ата заңымыздың бірінші бабында Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі деп белгіленген. Сондықтан біз қауіпсіздікті, адам өмірін сақтауды ескеріп, жабық сот отырысын өткізуді сұрадық. Екінші мәселе, офлайн өткізу. Офлайн өткізудің де қажеті жоқ деп есептейміз. Себебі қазір техниканың дамыған заманында кез келген жерде онлайн процестер бірнеше уақыттан бері өтіп жүргенін білеміз, барлығымызға мәлім, адвокаттар да жақсы біледі. Сондықтан біздер аталған өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймыз», – деді прокурор.
Айыпталушылардың барлығы процесті ашық, журналистердің қатысуымен, офлайн, алқабилердің қатысуымен өткізуді сұрады.
«Менің үш өтінішхатым бар. Бірінші, Конституцияның 75-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей, сотты алқабилердің қатысуымен өткізу. Олар халықтың адамдары. Мен сот алқабилеріне сенім білдіремін. Екіншіден, Конституцияға сәйкес, сот процесті ашық өткізеді. Ол үшін кем дегенде екі жүз адам сыйатын зал дайындау қажет. Мен саяси белсендімін. Сол себепті сотты бақылауға халық келеді. Біздің сот процесінің ешқандай құпиялығы жоқ. Біз қоғам қайраткерлеріміз. Сондықтан да соттың ашық өткін талап етемін. Үшіншіден, менің саяси белсенді болғанымды ескеріп, процеске журналистерді, БАҚ өкілдерін және телеарналарды қатыстыруыңызды сұраймын», – деді іс бойынша күдікті деп танылған белсенділердің бірі Асқар Нұрмаған.
Оның бұл өтінішін өзге сотталушылар да қолдады. Олар да процесті ашық әрі алқабилердің қатысуымен өткізуді сұрады.
«Біз қауіпті қылмыскер емеспіз»
Күдікті деп танылған тағы бір белсенді Қайсар Өзбек тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
«Құрметті сот, мынау қасымда отырған төрт кісінің айыптауға ешқандай қатысы жоқ. Мен бейбіт түрде митинг жасайық деп бұл кісілерге өзім барып айтқанмын. Осыны ескеріп қойыңыз. Одан кейін қару-жарақ деді, төңкеріс жасайын деді, деді, оның барлығы өтірік. Менен сұрақ алыңыз. Бұл кісілерде «көреміз, барамыз, бармаймыз» деген сөз болған болатын. Біз қауіпті қылмыскер емеспіз. Біз бірнәрсені қиратайық, жарайық деп айтқан емеспіз. Бұның барлығы өтірік, жала. Біз бұрын қылмыскер болған адам емеспіз», – деді ол.
«Негізгі сот талқылауы жабық өтеді»
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің Ulysmedia-ға айтуынша, үзілістен кейін алдын ала сот талқылауы қайта жалғасқан. Судья Әріпов прокурор Артықбаевтың өтінішін қанағаттандырып, негізгі сот талқылауын жабық өткізуге қаулы еткен.
«Негізгі сот талқылауы жабық түрде өтеді. Судья осындай ұйғарым шығарды. Енді дүйсенбі күні сот хатшысы отырыстарды қай күнге қоятынын звондап, анықтайды», – деді ол.
Тағылған айып
Іс бойынша Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровке қылмыстық кодекстің 179-бабының 2-бөлігі «Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не конституциялық құрылысты күштеп өзгерту», 24-бабының 1-бөлігі –272-бабының 1-бөлігі «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» және 287-бабының 4-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша айып тағылған.
Ал Асқар Нұрмаған, Әбдуәлі Тағай және Дүйсенбек Жақашев қылмыстық кодекстің 179-бабының 2-бөлігі, 24-бабы 1-бөлігі – 272-бабының 1-бөлігімен айыпталған. Сотталушылардың ең үлкені 63, ең кішісі 57 жаста.
Былтыр тамызда Алматының дәл осы Алмалы аудандық соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталып, «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» және «Қылмыс жасауға оқталды» деген айып тағылған бес белсендіні төрт жылға шартты жазаға кесіп, бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған.
Сотты болған белсенділер Айдар Мүбәраков, 66 жастағы Нұрлан Жауылбаев, 64 жастағы Фазылжан Сыдықов, 55 жастағы Нұрлан Темірғалиев және 67 жастағы Жанат Қазақбай өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. Кейіннен апелляциялық сот олардың жазасын 4 жылдан 2 жыл 6 айға дейін қысқартқан.