"Қарақшы, теріс жолмен жүрген". Актер Құрманғазы туралы айтқан сөзі үшін кешірім сұрады

Сырым Қаржас
Видео кадры

Актер Қайрат Әділгерей күйші Құрманғазының ұрпақтарынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Желіде актердің сұхбаттарының бірінде күйші туралы айтқан сөзі тарады. 

- Мысалы Құрманғазы туралы кино түсірейін десең ол баукеспе, қарақшы болған. Теріс жолмен жүрген. Досы Исатай екеуі “гопстопппен” айналысқан, – дейді актер. 

КҮЙШІНІҢ ҰРПАҚТАРЫНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Артынша батыс өңіріндегі қызылқұрт руының өкілдері әрі Құрманғазының ұрпақтары мәлімдеме жасап, актерді сотқа беретіндерін мәлімдеді. 

- Соңғы кезде әлеуметтік желіде Қайрат Әділгерейдің ұлтымыздың мақтанышы Құрманғазы Сағырбайұлы атамыз туралы ар-намысын қорлайтын жалған сипаттағы сөздер айтқан видеосы тарады. Эфирде Қайрат Әділгерей ешқандай тарихи дерекке сүйенбей, Құрманғазы Сағырбайұлын теріс жолды таңдаған қарақшы болған деп, атамыздың тарихи беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқан. Біріншіден, тарихи деректерге сәйкес, Құрманғазы Сағырбайұлының мазары Ақжар деген жерде емес, Ресейдің Астрахань облысы Алтынжар елдімекенінде. Ол жерде 2009-2010 жылдары Қамза Нұрғазиев есімді ата болды. Руы Жайық, беріш. Ол атамыз Қайрат Әділгерей айтқандай мәлімет таратуы мүмкін емес, – дейді қариялар. 

Екіншіден, қариялардың сөзінше, күйшінің досы Исатай деген емес, руы қызылқұрт, соба Ешмат есімді рулас досы болған. 

- Үшіншіден, Қайрат Әділгерей эфир барысында Құрманғазы Сағырбайұлының негізгі кәсібі ұрлық, қарақшылық, ал күй – хоббиі деген адам ретінде көрсетеді. Бұл тұжырым ғалымдардың еңбегіне қайшы келеді, – дейді қариялар. 

Үндеу авторлары актердің сөзін саралау үшін сараптама жасап, заңды тұрғыда баға беру үшін сотқа жүгінетінін айтып, Қайрат Әділгерейден Құрманғазының басына барып, кешірім сұрауды талап етті. 

АКТЕР НЕ ДЕЙДІ

Бүгін актердің өзі әлеуметтік желіде сөзіне қатысты түсініктеме беріп, кешірім сұрады. 

- Мен өз қателігімді мойындаймын. Бұл осыдан 3-4 жыл бұрынғы подкастта айтылған әңгіме. Мен бұл әңгімені бабамыздың басындағы шырақшының өз аузынан естіген болатынмын. Менің қателігім – сол шырақшының әңгімесін басқаша форматта жеткізгенім. Дөрекі жеткіздім, оны мойындаймын. Еркінсіп, өзім естіген ақпаратты қате, дұрыс емес жеткіздім, – дейді актер. 

Ол жақын арада Құрманғазының жатқан жеріне барып, құран бағыштап, ұрпақтарынан кешірім сұрайтынын, күйшінің аруағын қорлау ниеті болмағанын атап өтті.