Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы биылғы егін жинау науқаны туралы айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
“Егін жинау науқаны соңына жақындап келеді. Өздеріңізге белгілі, 2021 жыл агроөнеркәсіптік кешен үшін күрделі жыл болды. Қиыншылықтар ауа райы жағдайынан туындады. Бірақ оған қарамастан егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Бүгін егін жинау қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Оның себебі шаруалар бірқатар бағыт бойынша негізгі ресурстармен толық көлемде қамтамасыз етілді. Мысалы, жанар-жағармай, техника, тыңайтқыш уақытылы дайындалды. Бұл сұрақтар бойынша қиыншылықтар болған жоқ. Сонымен қатар биыл элеваторлар астықты қабылдауға дайындық жұмыстарын уақытында өткізді. Қазір олар үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша егін жинау жұмыстары ендігі аптада аяқталуы тиіс. Әрине, бұл ауа райына байланысты. Жаңбыр жауып кетсе, жұмыстар үш-төрт күнге тоқтайды”, - деді ол.
Оның айтуынша, жедел мәліметтерге сәйкес, бүгін республика бойынша 15,5 миллион гектар дәнді және дәнді бұршақ дақылдары немесе 97,9 пайыз жиналды. Орташа шығын гектарына 9,7 центнерді құрап отыр. Барлығы 15 млн тонна астық бастырылды. Соның ішінде 11,7 млн тонна – бидай. Сондай ақ қазір көкөніс, картоп, бақша дақылдары, майлы дақылдар және мақта жинау жұмыстары жүріп жатыр. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, дәнді және майлы дақылдардың болжамдаған жалпы түсімі шамамен 18 миллион тонна. Орташа шығын гектарына 9,5 центнерді құрайды.Соның ішінде дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының мөлшері - 16 миллион тонна. Орташа шығын гектарына 10,1 центнер болайын деп отыр.
“Одан бөлек, республикада былтырғыдан қалған астық өнімі 3,5 миллион тоннаны құрайды. Оның 2,8 миллион тоннасы – бидай. Астықтың күтілетін жалпы мөлшері және былтырғы жылдан қалған астықты есептегенде, еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы айтып кету керек. Өйткені «баға қымбаттайды» деп неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Мен егін жеткілікті болғаннан кейін бұл жерде проблема болмайды деп ойлаймын”, - деді Сапаров ОҚК брифингі барысында.