Елімізде бір жылда 155 бала суицид жасаған

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында» айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

reuters

«Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада жыл сайын 600 мыңнан астам адам жарақат алады. Оның 22%-дан астамы немесе 130 мың бала мұзға түсіп кету, терезеден құлау, жол-көлік апаты сияқты оқиғаларға ұшырайды. Яғни, күн сайын 360 бала зардап шегеді. Тек өткен жылы ғана балалардың терезеден құлауының 200-ге жуық фактісі тіркелді. Салдарынан 25 бала қайтыс болды. Жол апатынан 232 бала қаза тауып, 3 652 бала зардап шекті», - деп жазылған Оқу-ағарту министрлігі талқылауға шығарған тұжырымдамада.

Құжаттағы дерекке сүйенсек, 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған. Оның ішінде жыныстық сипаттағы қылмыстар саны – 719. Бұған қоса, балалар арасында жасалған суицидтің 155 жағдайы тіркелген.

Сонымен қатар өткен жылы министрлік республика бойынша балалардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жүргізген.

Оның нәтижесінде бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің әл-ауқат деңгейі орта есеппен 55,3 бал болды. Қостанай (49,7 балл), Батыс Қазақстан (47,4 балл) және Ақмола (43,8 балл) облыстары балалар үшін әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз өңірлер деп танылды.