Маңғыстау облысы тұрғындарымен кездесуде «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Қазақстанның төл атауын қайтару тақырыбын қайта көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтау қаласындағы Алаш арысы Жалау Мыңбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен соң партия жетекшісі:
– Жалау Мынбайұлының ерлігі туралы көп айтуға болады. Ол қырғыз автономиялық Республикасын атқарушы комитетінің басшысы ретінде автомиялық республикаға еліміздің «Қазақ Республикасы» деген төл атын қайтарды. Біздің партиямыздың саяси бағдарламада дәл осындай талап бар. Біз оны ресми түрде 2019 жылы Парламент мінберінде ашық түрде айттық. Біздің ойымызша тәуелсіз мемлекеттің аты жерге емес, елдің атына байланысты болу керек, яғни Қазақ Республикасы. Ол кезде үкімет оны қолдамады, бірақ, біздің ойымызша ерте ме, кеш пе соған келеміз. Ол тарихи әділеттік деп санаймыз, - деді жиналған қауым алдында.
Перуашевтің бұл мәлімдемесі Ресейдің бірқатар telegram-арналары мен ақпарат құралдарына азық болды. Олар партия бағдарламасының үзіндісін «Ақ жол» төрағасының Қазақстан атауын өзгерту қажеттігі туралы ресми мәлімдемесі ретінде жарыса жариялап жатыр.
"Үгіт-насихат науқаны аясында Маңғыстау тұрғындарымен кездесуде Азат Перуашев бағдарламада жазылғандарды бұрмалаусыз айтты. Мемлекеттің атауын өзгерту емес, "Қазақстан" атауымен қатар пайдалану жайлы сөз қозғады”, - деп нақтылады партияның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 2019 жылы Азат Перуашев "Қазақ Республикасы" терминін қолдануды ұсынып, мәселені Парламенттің қарауына шығарды. Алайда, ол кезде идея қолдау таппады.