Әлеуметтік желілерде баласының өлімі жайлы айтқан Алматы облысындағы Жаңалық ауылының тұрғынының видеосы таралып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қайғылы оқиғаға әйел балаларын тастап кеткен күтушіні кінәлайды.
"Мен балаларымды күтушіге қалдырдым, 25-і күні таңертең кішісін өлі күйі қайтарды. Бүгін, 6 сәуірде оны босатып жіберді. Неге оны жазаламайды? Заң қайда, әділеттілік қайда? Дәлел жеткіліксіз дейді, бала өліміне не дәлел керек?"- деп шағымданады әйел.
Бастапқыда күтуші баланы 3 жасар әпкесі тұншықтырып өлтірді деп мәлімдеген. Бірақ жүргізілген сараптамадан кейін іс ҚР ҚК-нің 99-бабына (кісі өлтіру) ауыстырылды.
Күні кеше қайтыс болған баланың ата-анасы күтушінің қамаудан босатылғанын естіген.
Полиция бұл жағдайға қатысты әлі түсініктеме берген жоқ.