Елімізде ұялы телефондар нарығының үштен бірі - қытайлық өнімдер. Атап айтсақ, Xiaomi, Huawei мен Oppo. Ал Samsung әзірге көш басында тұр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Statcounter Global Stats мәліметінше, әлемдегі ең танымал ұялы телефондар бренді Samsung саналады. Биылғы тамыздағы жағдай бойынша, оның ұялы телефондар жеткізушілері нарығындағы үлесі 27,92% құрады. Дегенмен бұл бір жыл бұрынғыдан біраз төмен (31,04%).
Одан кейінгі орында - Apple маркалы смартфондар. Оның әлемдік нарықтағы үлесі 26,42% құрайды. Бұл көрсеткіш былтырғыдан сәл көп (25,15%), дейді finprom.kz.
Бұған қоса танымал смартфондар ТОП-5-не Xiaomi (11,38%), Huawei (7,91%) мен Oppo (5,61%) сынды қытайлық брендтер кіреді. Олардың бәрі нарықтың шамамен төрттен бірін алады.
Бұл ретте, ұялы телефондардың басқа брендтерінің үлесі бір жылда 19,49%-дан 20,76%-ға өсті.
Қазақстан да әлемдік трендтермен қатар келе жатыр. Аса көп өзгеріс жоқ. Елімізде танымал ұялы телефондар ТОП-5-не де сол брендтер кіреді.
Мәселен, Xiaomi (17,23%), Huawei (9,18%) мен Oppo (6,32%) танымал қытайлық смартфондар үштігіне Қазақстан нарығының шамамен үштен бірі тиесілі.