Оралдағы түрмеде 50-ге жуық тұтқын соққыға жығылды

Ғалиасқар Думан

Оралда адам құқығы өрескел бұзылып, 170/3 қатаң режимдегі колонияда елуге жуық тұтқын соққыға жығылды. Колония басшылығы ұрып-соғу фактісін жоққа шығармайды, бірақ бұл оқиғаны «мекеме күзетшісіне жасалған шабуылмен» түсіндіреді. Ulysmedia.kz тілшісі төтенше жағдайға не себеп болғанын анықтады.

Фото: Ulysmedia.kz

«Ұжымдық шмон»

Әлеуметтік желіде қатаң режимдегі 170/3 колониясында түсірілген видеолар тарап жатыр. Кадрларда сотталғандар бір күн бұрын басынан өткенін баян етеді – түрме қызметкерлері казарманы тінтіп, артынан ұрып-соққанын айтады. Кадрларда тұтқындардың бірінің беті ісіген, екіншісінің көзі көгерген, денесі тілінгендер бар.

«Камерадан бір-бірлеп бейнекамера жоқ «соқыр жерге» апарып, сойылмен ұрып, бастан, беттен, денеден тепкілейді. Бізді азаптап, қудалап жатыр, ешқандай медицина көмегін көрсетпейді. Біз қорқып отырмыз, көмек сұраймыз», - деп хабарлайды видеодағы тұтқындардың бірі Тоқаевқа жүгіне отырып.

Сотталғандардың ата-аналары колония қақпасының алдына жиналып, «балаларымызбен сөйлесеміз» деп талап етті. Олар туыстарының амандығына көз жеткізгісі келді. Жарты күн бойы мекеме алдынан тарқамай шу шығарды. Көпшіліктің ашу-ызасынан сескенді ме, әйтеуір мекеме басшылығы Skype арқылы сөйлесуге рұқсат берген.

Тұтұындардың көбінің бет-әлпетінде соққының ізі бар. Олар туыстарымен сөйлескенде «мекеме басшылығына сенудің қажеті жоқ, өйткені олар шындықты жасырып отыр» деп ашық айтқан. Өздеріне медициналық көмек көрсетілмегеніне шағымданады.

«Төтенше жағдайды білген бойда дереу облыстық ауруханаға бардым, ол жерде туысым жоқ. Біз онымен жаңа ғана Skype арқылы сөйлестік. Қорқынышты – оның бет-жүзі түгел көгеріп кеткен, отадан кейінгі тыртығы бар. Ол колониядағы қатыгездікке қарсылық білдіріп, өз ішін өзі тіліп жіберген. Бұл жерде тұтқындарға адамгершілікке жатпайтын әрекет бұрыннан бар: ұрып-соғу, азаптау, тіпті егер олар өз құқығын қорғауға тырысса, қудалайды. Күзетшілер бізге мемлекет тарапынан күш қолдану құқығы мен өкілеттігі бар екенін ашық айтады», - дейді сотталған Райымбек Серіковтың анасы Бұлбұл Нұрбайқызы.

Медицина қызметкерлері не дейді?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 103 облыстық жедел жәрдем станциясының оператор пультіне мекеменің кезекші қызметкерінен сотталғандардың денсаулығына шағымданып жатқаны туралы қоңырау түскенін хабарлады.

«4 жедел жәрдем көлігі шықты. 47 сотталушы оқиға орнында тексерілсе, оның ішінде 26 мен 47 жас аралығындағы 11 адам қалалық көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Олар бас сүйегінің, кеуде қуысының, қабырғаның рентгенографиясынан өтті. Оларды травматолог пен нейрохирург тексеріп, кеңес алды. Жағдайы қанағаттанарлық, амбулаторлық ем керек. Олар автоколонна қызметкерлеріне тапсырылды», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

«Бағынбаса – сабаңдар»

Журналистер алдына шыққан колония басшысының міндетін атқарушы Қанат Алпысбаев жағдайдың болғанын растап отыр, алайда «бағынбағаны үшін күш қолданылғанын» айтады.

«Кеше мекеме аумағында жоспарлы «тінту» шарасы өтіп, сотталғандардың өздері жасаған тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді. Бұл заттар мекеме аумағынан шығарылғалы жатқанда бір тұтқын заттарды қайтаруды талап ете бастаған. Ол басқа жазасын өтеп жатқандарды да қолдауға шақырды. Тұтқындардың кейбірі - оны қолдады, терезелерді, карниздерді, есіктерді қаға бастады.

Конвой қызметкерлері бұл әрекетті тоқтатуды талап етті, бірақ олар пәрменге бағынбады. Бір тұтқын күзетшіні қағып кетті, соның салдарынан ол жарақат алып, күзетшіге шабуыл жасалғаны туралы белгі берілді. Осыдан кейін сотталғандарға күш пен арнайы құралдар қолданылды. Қазір бұл факт бойынша ІІД тергеу жүргізіп жатыр. Сотталғандарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді, туыстары олармен Skype арқылы сөйлесуге мүмкіндік алды, - дейді Қанат Алпысбаев.

Құқық қорғаушылардың нұсқасы

Құқық қорғаушы, Ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі Павел Кочетков тоғыз жылдан бері облыстағы түрмелерде азаптау, қатыгездік көрсету жағдайы болып жатқанын айтады. Оның айтуынша, Оралда мұндай құбылыстар сирек емес.

«Жағдай жақсарып жатқан жоқ. Бейнебақылау камераларының енгізілгені көмектеспейді, колония қызметкерлері білетін «соқыр жерлер» бар, олар сотталғандарды сол жерде қинап жатыр», - дейді ол.

Ол осыған ұқсас 22 қылмыстық іс қозғалғанын еске алды. Одан кейін колонияға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл келген, бірақ түрме қызметкерлерінің ешқайсысы жазаланбаған.

«Бір уақыт тынышталды да, конвойрлар тағы да құтырып шыға келді. Шын мәнінде азаптау жағдайларын арнайы прокурорлар тергеуі керек. Бірақ осындай істерге келгенде корпоративті этика іске қосылып, бәрі жазасыз кетеді», - дейді Павел Кочетков.

Оның айтуынша, көбінесе «садист» күзетшілер тұтқындарды тек өз артықшылығын сезіну үшін ұрады.

«Түрме күзетшілері – мұнда заң да, сот та солар. Олар өздеріне бәрі рұқсат етілгенін, не істесе де құтылатынын сезінеді. Көбінесе «қайта тәрбиелеу» үшін осылай жасайды деп жүргенімен, олардың психологиясы осындай», - деп ашуланды Павел Кочетков.

Айта кетсек аталған түрмеде азаптауды бастан кешіргенін айтып, шағымданушы сотталғандардың шуы жиі шығады.