«Самұрық-Энерго» басшысы Қайрат Мақсұтов ұзақ баяндама жасағаны үшін премьерден ескерту алды. Сарапшылардың айтуынша, Қайрат Мақсұтовтың Үкімет отырысындағы ұзақ баяндамасында отандық өндірушілер туралы бір ауыз сөз болмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Жақып Хайрушевтің айтуынша, «Самұрық-Энерго» басшысының Үкімет алдындағы баяндамасы 16 минутқа созылған. Сол сәтте премьер-министр Олжас Бектенов сөзін бөліп, Қайрат Мақсұтовтан келесі жолы баяндаманы қысқаша әрі нақты етіп ұсынуды сұраған.
Алайда осынша ұзақ сөйлегенімен, Мақсұтов елдің энергетика саласындағы жобаларға қазақстандық кәсіпорындардың қатысуына тоқталмаған.
– Күн тәртібі кең болды, энергетиканы дамыту мен цифрландыру мәселелері қаралды, KEGOC, Самұрық-Энерго, Энергетика және Индустрия министрліктері баяндама жасады. Бірақ соның өзінде 16 минуттық баяндамада отандық өндірушілер туралы бір ауыз сөздің болмауы түсініксіз. Слайдтарда тек ЖЭС, жылу электр станциялары, күн және жел станциялары мен шетелдік әріптестер көрсетілді. Ал қазақстандық зауыттар мен жобалау бюролары, инженерлік орталықтардың үлесі қайда? Локализация бойынша нақты деректер неге жоқ? Цифрландыру, жасанды интеллект, болжамдық аналитика – бәрі маңызды. Бірақ отандық тауар өндірушілер жүйелі түрде тартылмаса, мұның бәрі импорттық шешімдердің әдемі «көрмесіне» айналады, – деді Хайрушев.
КОНТЕКСТ
Бүгінде елдегі үш жаңа жылу электр станциясының (ЖЭО) құрылысын қаржыландыру мәселесі әлі шешілген жоқ. «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, ресейлік тарап әлі де кейбір жобаларға қатысуы мүмкін.