Депутат Амантай Жарқынбек даулы мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетейік, кеше депутат Амантай Жарқынбек «жанжал туса ер адаммен бірге әйелді де 15 күнге қамау керек» деген еді. Бүгін журналистер оның неліктен бұлай дегенін депутаттан сұрап көрді.
«Бізде отбасы деген институт бар. Оның ішкі әлемі бар. Өзінің заңдылығы бар. Біздің қасиетіміз. Соңғы жылдары қарап отырсақ, елімізде бір жылда 140 мыңдай отбасы құрылса, соның 40 пайызы ажырасып кетеді екен. Яғни отбасы бұзылған елде береке де, отан да дұрыс болмайтыны белгілі. Сондықтан біз, әсіресе, жас отбасыларға абай болуымыз керек. Ол үшін тек біржақты қарамай, жауапкершілікті теңдей қарастырса жөн болады деген пікір. Бұл - менің жеке пікірім», – дейді ол.
Депутат «15 күнге міндетті түрде қамасын деген жоқпын» деп ақталады. Айтуынша, басында сөзін мұқия тыңдағандарға «былай деген»: шара теңдей қаралуы керек. Жауапкершілік отбасының екі мүшесінде де қатар болуы керек.
«Мысалы, ер адамға бір шара қолданылса, әйел адамға да сол шара қолданылуы керек деген контекстпен шыққан дүние болатын. Сондықтан, мен бұл заңды қолдаймын. Отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсымын. Бәріміз де отбасын ұстап отырмыз. Балалы-шағалымыз. Ер азамат ретінде әйеліне қол көтермек түгілі дауыс көтеретін азаматтарды сыйламаймын. Бірақ отбасын сақтап қалу үшін, жас отбасылардың бірден ажырасып кетуінің алдын алу үшін біз жан-жақты құқықтық және психологиялық көмекті мектеп кезінен бастау керек деп айттым. Мектептен балалар отбасының құндылығын, қасиетін ұғынуы тиіс. Бала-шағаның, өзінің тағдыры жатқанын сезінетін жүйе ұсындым», - дейді ол.
«Сіз әйелді де 15 күнге жабуды ұсындыңыз ғой?» деп журналистер тақырыпқа оралғысы келген. Амантай Жарқынбек ұрыс-керіс болса, ол жерде шынымен нашақор немесе ішкілікке салынған адам болса, ондай жағдайда, әрине, ер азаматы кінәлі болса, 15 тәулікке жабу керек деп ойлайтынын айтты.
«Ал ол жерде қылмыстық құрамы болса, заңға сәйкес жауапкершілікке тарту керек. Ал әрине, әртүрлі оқиғалар, түрлі жағдайлар болып жатады. Кейде ер азаматтың ғана тарапынан зорлық-зомбылық болмауы мүмкін. Ақпарат құралдары арқылы да көріп жүрміз. Біз қалаған Ақсақалдар қаласы өңірлерде жетпей жатады. Ол жерде әртүрлі адамдар бар. Сөзге тоқтайтын, тоқтамайтын адамдар бар. Әрине, медиацияның қандай тәртіппен жүретініне біз кепілдік бере алмаймыз. Бірақ медиацияның болғаны – екі-үш рет қайтарып, жастардың бітімге келуіне мүмкіндік беруі керек. Қысқаша айтқаным, медиациямен шешу керек. Кез келген жанжалда ер адамды ғана жазалау дегеннен арылуымыз керек. Түсініп тұрсыздар ма? Осындай жайттарға бойлайтын адами көзқарас керек. Алдағы уақытта ұсыныстар болса ақылдасамыз», - дейді ол.
Амантай Жарқынбек бұдан бөлек сөзін «образно айтқанын» тағы келтірді.
«Мен «образно» айтып отырмын. Шара қолдану керек. Бірыңғай, біржақты шара қолдана береміз? Екеуіне де қолдану керек дегенді айтып отырмын. Бұл – комитеттің талқылау отырысы. Мен пікір айттым. Сол пікірімнің 50 пайызын ер азаматтар қолдап жатқанын мен әлеуметтік желіден көріп отырмын. Сондықтан мұндай да пікір болуы керек. Мұндай да пікір барын біз білуіміз керек. Бірақ әйел адамды ер азаматпен бірдей жазалау мүмкін емес, әрине. Оған қарсымын», - дейді ол.