Қытай Ресей көліктерін қазақ нарығынан ығыстыра бастады - БАҚ

Ulysmedia

Қытайлық брендтер Қазақстандағы ресейлік автомобиль зауыттарын ығыстыра бастады. Сондай ақ, Ресей автокөліктерін Қазақстанға жеткізуде қиындықтарға тап болды, деп хабарлайды Gazeta.Ru.

Фото: ашық дереккөзден

КӨЛІК ТАПСЫРЫСПЕН КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ҒАНА ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Басылымның жазуынша, Ресейдегі шетелдік және отандық автозауыттар ішкі сұранысты өтеуге тырысып келеді, десе де сарапшылар ТМД бойынша ең үлкен экспорттық үлестен айырылу қаупі төніп тұрғанын айтып дабыл қағып отыр.

Қазақстандағы көлік бизнесі мен жүргізушілер Ресейден жеткізілетін жаңа көліктер тапшылығына тап болды. Мәселен, жергілікті Renault дилерлері әйгілі Duster кроссоверіне тапсырыс қабылдайды (Мәскеудегі зауытта шығарылады), оның өзі келесі жылы ғана жеткізіледі. Жергілікті көлік салондардың бірінде жұмыс істейтін қызметкердің айтуынша, қоймада санаулы көлік ғана қалған.

«Егер сіз асығыс болсаңыз, үлгеруге болады. Содан кейін тек тапсырыс бойынша сатып алуға тура келеді. Көліктер қаңтардың соңына таман келіп қалады», - дейді қазақстандық Renault автосалонындағы сұхбаттасушы.

Дәл осындай жағдай Санкт-Петербург маңындағы зауыттан жеткізілетін Hyundai Creta мен Solaris кроссоверлеріне қатысты байқалады (Қазақстанда бұл модель Accent деп аталады). Оның үстіне қазақстандық көлік жеткізушілер жыл басынан бері былтыр күзде ашылған жергілікті Hyundai зауытынан Accent модельдерін ала бастаған.

Өскемендегі Asia Auto зауыты жергілікті нарық үшін Skoda автомобильдерін шығаруды 2019 жылы тоқтатты. Аталған кәсіпорында Ресейден әкелінетін Lada автокөліктерін шығару да тоқтатылған. Осылайша қазақстандық дилерлерде Lada көліктері тапшы. Көлік менеджерлерінің айтуынша, логистикада қандай да бір үзілістер болып қалмаса, келісімшартпен жылдың соңына таман алуға болады.

«АВТОВАЗ» ӨНІМДЕРІНІҢ САТЫЛЫМЫ 58% ТӨМЕНДЕГЕН

Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарын біріктіретін «ҚазАвтоПром» қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарянның айтуынша, Ресейден жаңа автокөліктер әкелудің азаюы бюджет сегментіне қатысты. Бұл әсіресе Lada автокөліктерін құрастыруды тоқтатқаннан кейін байқалған. Оның айтуынша, «АвтоВАЗ» өнімдерінің сатылымы жыл басынан бері 58%-ға, яғни 5,5 мың көлікке дейін төмендеп кеткен.

«Егер бұрын Lada нарықтың шамамен 20% -на ие болса, өткен 9 айдың қорытындысы бойынша Өзбекстанда құрастырылған Chevrolet модельдері алдыңғы орынға шықты», - деді Артур Мискарян Gazeta.Ru тілшісіне.

Қазақстанда қаңтар-қазан аралығында барлығы 86,5 мың жаңа автокөлік сатылған, былтырғы кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 36%-ға артқан.

ҚЫТАЙ ҮШІН ҰТЫМДЫ СӘТ

Әлемдік автомобиль өндірушілері үшін қазақстандық нарық аса маңызды емес екені анық, дейді сарапшылар. «ВТБ-Капиталдың» автомобиль өнеркәсібі бойынша талдаушысы Владимир Беспаловтың айтуынша, жалпы алғанда Ресейдің монополистер үшін артықшылығы көп.

«Мүмкін, компаниялар Ресей нарығының пайдасына квоталарды қайта бөлген шығар, бұл оның сату көлемі жағынан пайдалы екені анық», - деді сарапшы.

Беспаловтың айтуынша, Қазақстандық дилерлермен бұрынғы келісімшарттар бойынша автокөліктерді жеткізу қазір аяқталды немесе жақын арада тоқтатылады. Ал жаңа келісімшарттар автокөлік тапшылығының қазіргі жағдайын ескере отырып аяқталады. 

Қазақстандағы нарық шағын, бірақ бұл ТМД кеңістігіндегі ұтымды нарықтардың бірі, дейді автокөлік өнеркәсібі бойынша тәуелсіз кеңесші Сергей Бургазлиев. Жеткізу көлемінің азаюы автокөлік компанияларының жағдайына әсер етуі мүмкін.

«Белгілі бір себептермен жергілікті дилерлерге автокөлік жеткізу азайған күнде, ресейлік зауыттар қазақстандық нарықтағы үлесін жоғалтады. Оның орнын автокөлік шығаруда ерекше мәселелері жоқ компаниялар алады. Ең алдымен, біз қытайлық брендтер туралы айтып отырмыз », - деді сарапшы.

Бургазлиевтің айтуынша, қытайлық көлік өндірушілердің Қазақстан нарығына ену жоспары болса, дәл қазір ең қолайлы уақыт. Сондай-ақ, бұрынғы тасымалдаушыларға жоғалтқан үлесін қайтару қиынға түспек.