Қазақстанда жол апаты азаймай тұр - ІІМ

Қымбат Елтайқызы

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз ведомствода алқа отырысы өткенін, онда жол қаупісіздігі мәселесі қаралғанын айтты, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.

фото: Ашық дереккөзден

«Алқа отырысында қаралған тағы бір өзекті мәселе жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Жол апаттарының негізгі себебі – жүргізушілердің тәртіпсіздігі. Әрбір бесінші жол көлік оқиғасы олардың жылдамдықты арттыруына байланысты орын алады. Әрбір сегізіншісі қарсы қозғалыс жолағына шығу немесе жол қиылыстарынан өту салдарынан болады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің тәртіпті сақтамауы салдарынан кісі өліміне әкеп соқтыратын жол көлік оқиғалары да көп орын алады. Жарақаттанушылардың да саны артып отыр. Осыған байланысты ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жолдағы қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді, көше-жол желісіне тексеру жүргізуді, жол инфрақұрылымына жауапты мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар министр бейнебақылау жүйесін кеңейту, жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу жүйесін белсенді қолдану және аталған заң бұзушылықтар үшін қатаң принциптер ұстануды тапсырды», - деді Н.Ораз.

Бұған дейін ол елімізде есірткі қылмысына қатысты жаза күшейгенін мәлімдеген болатын.