Астанада 100-ден астам үлескерді алдаған құрылыс компанияларының мүлкі тәркіленді

Ғалиасқар Думан

Елордада жосықсыз құрылыс салушылардың мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

Прокурорлар құрылыс компанияларынан 5 қабатты ғимарат жер учаскесімен бірге тұрғын емес 7 үй-жайды тәркіледі.

«Бұл шаралар проблемалық объектілерді салуға жұмсалған бюджет қаражатын толықтыруға мүмкіндік берді. 7 талап қою арқылы 100-ден астам үлескердің құқығы қорғалды», - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.

Азаматтар ақша құйған объектілер құрылыс салушылардан алынып, тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне берілді. Бұл олардың құрылысын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Астанада үлескерлер қаржысын тартуға құқығы жоқ құрылыс салушылар тізімі жарияланған.

Сондай-ақ, елордада үлескерлерден 4 млрд теңге жинаған құрылыс компанияларының басшылары тергеліп жатқаны хабарланған.