Боранбаевтың сауда орталығы мен фитнес желісі мемлекет меншігіне өтті

Ғалиасқар Думан

Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекет меншігіне қайтару шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұдан бұрын кәсіпкерге тиесілі болған жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі мемлекет меншігіне өтті.

“Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС. "Алматы Тауэрс" бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ, «Fitnation» фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан”, – делінген хабарламада.

Бұл нысандардың барлығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдалану жоспарланып отыр.

Бұдан бұрын Қайрат Боранбаев мемлекетке құны 1,4 млрд теңгеден асатын қонақүйді тапсырды, сондай-ақ, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Еске салайық, жуырда белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев ісі бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Сот кәсіпкердің жазасын жеңілдетті. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Боранбаевтан мемлекет кірісіне:

  • Алматыдағы әл-Фараби даңғылындағы коммерциялық үй-жай және  686 млн теңгенің жер учаскесі;
  • банк шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат;
  • Халық банкіндегі түрлі шоттардағы 5 млн 685 мың 727 доллар, 1 млн 170 мың 329 доллар, 755 млн 859 мың 601 теңге, 193 млн 170 мың 137 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражат тәркіленді.