"Ақша үшін бәріне келісетін ел": саясаттанушы Астана әуежайының арабтарға берілуі жайлы

Ғалиасқар Думан

Саясаттанушы Ерік Ілиясов елорда әуежайының БАӘ компаниясына берілуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

“Алматы әуежайы түріктерге берілгеннен кейін “карго” 2 есе қымбаттады. Қаңтар оқиғасына дейін 1 келі үшін 3,2 доллар төлейтінбіз, қазір 6,5 долларға көтерілді. Түркия-Қазақстан сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамытып жатырмыз деген бос сөз. Енді Астана әуежайының менеджментін арабтарға бергелі жатыр екенбіз…Өйткені екі ел кез келген сыбайласқа ыңғайлы. Ақша үшін бәріне келісетін елдер”, – деп жазды ол.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестор – БАӘ-нің Terminals Holding компаниясымен Астана әуежайын мультимодальді хаб ретінде дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Terminals Holding компаниялар тобы – Азия мен Африканың ірі нарықтарында тұтынушыларға қызмет көрсететін, сондай-ақ Abu Dhabi Ports ірі портты және өнеркәсіп компаниясымен байланысты қарқынды дамып келе жатқан авиациялық кәсіпорын.

Үкіметтің мәліметінше, инвестор елорда әуежайының қызметіне жан-жақты баға беріп, кейіннен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын және жалпы әуе айлағының тиімділігін арттыру үшін жедел басқаруды өз қолына алады.