Үрейді ұшырған соғыс: Қазақстандағы автотұрақтар мен метро бомбадан қорғайтын орынға айналады

Ғалиасқар Думан

ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов елдегі жерасты тұрақтары мен метроларды қажет болған жағдайда бомбадан қорғайтын орын ретінде пайдалануға бейімдеу жөнінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Министр әлемдегі болып жатқан соғыстарға байланысты ел тұрғындарының қауіпсіздігін қорғау мәселесінің өзектілігі артқанын атап өтті. Ол Қазақстанда соғыс бола қалған жағдайда қорғаныс қызметкерлері мен құрылымдары арнайы жасалған нысандардың жанында болатынын айтты. Ал қарапайым тұрғындар мұндай жағдайда қауіпсіз аймақтарға көшіріледі екен. 

"Қазір біз автотұрақтарды, метрополитенді және басқа да құрылыстарды қарапайым қорғаныс құрылымдарына бейімдеу мәселелерін пысықтап жатырмыз. Ғылыми жоба бар, соған сәйкес біз қызметкерлер мен халықты контейнерлік қорғаныс құрылымдарында паналау мүмкіндігін әзірлеп жатырмыз. Мұндай қорғаныс құрылымының прототипі дайын, Азаматтық қорғаныс академиясымен әзірленген және тіпті Астана аумағында өрт сөндіру бөлімдерінің бірінде орналасқан", – деді Сырым Шәріпханов.

Ведомство басшысы елдегі қорғаныс құрылымдарының саны туралы ақпаратты жарияламады. Оның айтуынша, мұндай ақпарат жария етуге жатпайды. 

Шәріпханов қазіргі уақытта көптеген ұйымдардың қорғаныс құрылымдары меншік нысанын өзгертіп, бейбіт өндіріске көшкенін атап өтті.

Айта кетейік, 7 қазаннан бері бүкіл әлем Таяу Шығыстағы соғысқа көз тігіп отыр. ХАМАС пен Израильдің қақтығысынан мыңдаған бала құрбан болды. Газа секторының бейбіт тұрғындары қырылды, үй-күйсіз қалды. Израиль соғыстың бірнеше айға созылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Қазақстан ХАМАС-тың  израильдік бейбіт тұрғындарға шабуылын және шетел азаматтарын кепілге алуын айыптады. Сондай-ақ, еліміз Израильді Газа секторында көптеген бейбіт тұрғындардың қаза болуына және азаматтық инфрақұрылымның жойылуына әкеліп соғатын пропорционалды емес күш қолданудан бас тартуға шақырды.