Несиеге тәуелділік: Қазақстанда тұтынушылық қарыздардың максималды сомасы шектелуі мүмкін

Ғалиасқар Думан

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиенің максималды сомасына шектеулер енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Азаматтарды несиелендіру мәселесін талқылаған Мәжілістегі парламенттік тыңдау барысында агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова қазір үлкен сомаға тұтынушылық кредиттерді белсенді беру үрдісі байқалып отырғанын айтты.

Ең алдымен, оның айтуынша, тұтынушылық несиелеу көлемі артқан.

"Бұл - тауарлар мен қызметтерге бөліп төлеуге сұраныс, тұтынушылық несиелерді кәсіпкерлік мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі. Нәтижесінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша орташа қарыз жыл басындағы 913 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте 5 млн теңгеден астам кепілсіз тұтынушылық кредиттердің үлесі қазірдің өзінде 12% -ды құрайды, қарыз алушылар саны бойынша бұл 3%", - деді ол.

Осыған байланысты, тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуін шектеудің қосымша шарасы ретінде агенттік заңнамалық деңгейде тұтынушылық несиенің максималды сомасына шектеулер енгізуді ұсынды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтардың саны артқанын мәлімдеген.

Қошанов келтірген мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4  миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.