Астанадағы апат: жарықсыз, сусыз қалған елордалықтардың мәселесі қалай шешілді

Ғалиасқар Думан

Астана әкімдігі қалада электр энергиясын жеткізу толығымен қалпына келтірілгенін мәлімдеді. Елорданың барлық 10 қосалқы станциясы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Қазір қала бойынша "Астана-АЭК" АҚ-ның мынадай бригадалары жұмыс істейді:

- Кернеуі 0.4 / 10 кВ электр желілерімен жұмыс істеуге арналған 5 жедел персонал бригадасы;
- кернеуі 110 кВ электр желілерімен жұмыс істеуге арналған 4 жедел персонал бригадасы;
- қосалқы станцияларға қызмет көрсетуге жауапты 4 бригада;
- релелік қорғанысқа мамандандырылған 5 бригада.

Бұл бригадалар электр схемаларына сәйкес тарату және трансформатор пунктері арқылы электр қуатын беруді қалпына келтіреді.

Еске салайық, кеше түнде Астанадағы үйлердің басым бөлігі жарықсыз, сусыз қалды. Энергетика министрлігі 21:58-де ВЛ-110кВ қалалық сақинасы бойынша авариялық өшу орын алғанын хабарлады. Астана – 2 жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталу салдарынан электр өндіру қуаты төмендеген.