KASE-де доллар 7 теңге қымбаттады: бағам неге күрт өсті

Freepic

5 қазанда Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар бірден 7 теңге қымбаттады. Сауда-саттық қорытындысы бойынша АҚШ валютасының орташа бағамы 455,36 теңгеге жетті. Алматы мен Астанадағы айырбастау орындарында доллар бұдан да қымбат сатылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Биржадағы бағам

KASE-дегі сауда-саттық қорытындысы бойынша доллар 455,36 теңгеге дейін өсті. Күн ішінде ең жоғары сұраныс 458,05 теңге, ал ең төменгі ұсыныс 450 теңге болды.

Доллар-теңге жұбы бойынша сауда көлемі 645 млн доллардан асты.

Еуро да айтарлықтай қымбаттап, 509,04 теңгеге (+4,31 теңге) жетті. Рубль бағамы сәл ғана өсіп, 5,38 теңге болды. Юань 1 теңге қымбаттап, 67,82 теңгеге жетті.

Айырбастау орындарындағы бағам

Алматыдағы айырбастау орындарында долларды 455,7-457 теңгеден сатып алып, 457,7-459,5 теңгеден сатып жатыр.

Астанада долларды сатып алу бағамы 452 теңге, ал сату бағамы 459 теңгеге дейін жетеді.

Алматыдағы айырбастау орындарында еуро 514-516 теңгеден, Астанада 515 теңгеден сатылып жатыр.

Алматыда рубль 5,25-5,28 теңгеден, Астанада 5,45 теңгеден сатылуда.

Контекст

Бұған дейін де теңге долларға қатысты күрт әлсіреген еді. 4 қазандағы сауда-саттық қорытындысы бойынша АҚШ валютасының бағамы 9,24 теңге өсіп, 451,50 теңгеге жеткен.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары теңгенің әлсіреуін мұнай бағасының төмендеуімен, әлемдік нарықтарда доллардың нығаюымен және бірнеше апта бойы теңге нығайғаннан кейін ел ішінде валютаға сұраныстың күрт артуымен түсіндірген.