Қазақстанның үш өңірінде халық саны 2 миллионнан асты

Ғалиасқар Думан

2009 жылғы санақтан бері Қазақстан халқы 20% өсті. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі санақ қорытындысы бойынша халық саны 19 186 015 адамды құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

sputnik.kz

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, үш өңірде халық саны 2 млн адамнан асты – Алматы (2 146 576) мен Түркістан облыстары (2 054 021) және Алматы қаласы (2 030 285).

«Бұл ретте санақ арасындағы кезеңде халықтың ең көп өсуі Астана қаласында – 2 есе (613 мыңнан 1 234 мың адамға дейін), Шымкент қаласында 1,5 есе (730 мыңнан 1 112,4 мың адамға дейін) және Маңғыстау облысында (485 мыңнан 735 мың адамға дейін) байқалды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде ауыл халқының саны азайғаны хабарланған.

Мамандардың есебінше, қала тұрғындарының үлесі 5 пайыздық тармаққа өсті – 56,1%-дан 61,2% -ға дейін. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8%-ға дейін азайды.Өткен 12 жыл ішінде қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында байқалды.