«Ирина Кайратовна» мобилографының өліміне қатысты іс қозғалды

Ғалиасқар Думан

Астана полициясы «Ирина Кайратовна» тобының мобилографы Шахназ Жылқайдаровтың өлімі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлім етті, Ulysmedia.kz.

Telegram/Шахназ Жылкаидаров

Полиция мәліметі бойынша, «адам өлімі» бойынша іс қозғалған. Тағайындалған сараптамалардың қорытындысы әлі дайын еместігі хабарланды.

Полицейлер іске қатысты өзге де деректер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын ескертті.

Еске салайық, 14 қазанда «Ирина Кайратовна» тобының жас мобилографы Астанадағы концерт кезінде кенеттен қайтыс болды. Диджейді видеоға түсіріп жатқан жігіт кенет есінен танып құлап қалған. Шара ұйымдастырушылары оны сахнаның артына алып кетті. Шамамен 30 минуттан кейін оның кенеттен қайтыс болғаны жарияланып, концерт тоқтатылды.