100% қазақстандық компания – министр АМТ активтерін иемденетін инвестор жайлы

Ғалиасқар Думан

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» активтерін қайтару келісімін қаржыландыру мәселесі жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Келісімді бюджеттік немесе квазимемлекеттік сектордың қатысы болмайтындай етіп құрылымдаймыз. Яғни, осы келісімді ұйымдастыруға қаржы тарту арқылы құрылымдаймыз», –  деді ол брифингте.

Министр келісімді ұйымдастырушы компания бекітілгенін атап өтті.

«Қазақстан тікелей келісімнің бір тарабы бола алмайды. Қандай да бір заңды тұлға болу керек. Оны біз анықтадық. Қазір заңдық жағын пысықтап жатырмыз. Ол ұйымдастырушының кім екенін айта алмаймын. Өйткені «Арселормен» құпиялық туралы құжатқа қол қойғанбыз. Бұл - 100 пайыз Қазақстан Республикасы бақылайтын компания», - деді Қанат Шарлапаев.

Ведомство басшысы келісімнің шарттары жөнінде ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

«Бұл - күрделі процедура.  Біз 32 мың адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың бірі туралы айтып отырмыз. Осы келісімді ұйымдастырудың бірнеше қаржыландыру көзі болады. Мен мынадай жерден мынанша сома аламыз деп қарабайырлап айта алмаймын. Мемлекетте әзірше ол ақпаратты ашып айту мүмкіндігі жоқ. Өйткені құпиялық туралы келісім бар», - деді министр.

Айта кетейік, бұдан бұрын үкімет басшысы Әлихан Смайылов компанияны мемлекет меншігіне беру процесі аяқталуға жақын екенін мәлімдеген.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғандары жер астында қалып қойды.

Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.

Қарағанды ​​облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар, президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.

Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ инвесторы Лакшми Миттал мен басқарушы Палаватху Кришнанды "қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қасақана әрекетсіздігі" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.