АҚШ «Ресей агрессиясынан қорғану үшін» Украинаға жалпы сомасы 425 миллион доллар болатын әскери көмектің тағы бір пакетін береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, жаңа пакет Пентагонның өз қорларынан жіберіледі. Бөлінген қаражаттың 125 миллион доллары «Украинаның ұрыс даласындағы шұғыл қажеттіліктеріне», ал 300 миллион доллары ұзақ мерзімді перспективада Украинаның әуе қорғанысын нығайтуға жұмсалады.
Жаңа пакетте NASAMS зениттік-зымырандық жүйелеріне және HIMARS көп реттік зымыран жүйелеріне арналған қосымша оқ-дәрілер, 105 мм және 155 мм артиллериялық снарядтар, TOW танкке қарсы зымырандар, Claymore жаяу әскерге қарсы миналар, 3 миллионнан астам атыс қаруының оқ-дәрілері және гранаталар, сондай-ақ ауыр техниканы тасымалдауға арналған 12 жүк көлігі бар. Бұған қоса, Украина ұшқышсыз ұшу аппараттарымен күресу үшін қосымша лазерлік басқарылатын оқ-дәрілер алады.
Естеріңізге сала кетейік, Германия Украинаға 1,1 миллиард еуро тұратын әскери көмектің «қысқы пакетін» жариялады. Оған қосымша Patriot әуе қорғанысы жүйесі кірді. Қондырғы қыста әуе қорғанысын күшейтетіні атап өтілді. Украина басшысы Ресей Федерациясы елдің энергетикалық инфрақұрылымына зымырандық шабуылдарын жалғастырады деп есептейді.
Бұған дейін Ақ үй өз шекарасын нығайту, сондай-ақ Украина мен Израильге көмек көрсету үшін АҚШ конгресінен рекордтық 106 миллиард доллар сұраған болатын.