Яндекс істен шықты, InDrive қымбаттады: жолаушылар жүргізушілерге шағымданды

Ulysmedia коллажы

Яндекс сервисіндегі ақаудан кейін InDrive қосымшасында такси қызметіне тапсырыс беру сұранысы үш есеге жуық өсті. Жолаушылар жүргізушілердің әдеттегі бағадан кемінде екі есе жоғары ақы сұрағанына шағымданды. Компанияның негізін қалаушы Арсен Томский мәселенің бар екенін мойындап, бағаны келісу кезінде оның шектен тыс өсуіне жол бермеуге уәде берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

InDrive не дейді?

InDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский жексенбі күні таңертең тапсырыстар саны күрт артқанын мойындады. Бірнеше сағат ішінде пайдаланушылар такси және жеткізу қызметтеріне әдеттегіден үш есеге жуық көп тапсырыс берген.

Томскийдің айтуынша, компания өз комиссиясын төмендетіп, жаңа жүргізушілерден ондаған мың өтініш алған. Олардың бір бөлігі қысқа уақыт ішінде жұмысқа шыққан.

– Қазір де жаңа жүргізушілерді тартуды жалғастырып жатырмыз. Сондай-ақ бағаны келісу кезінде оның шамадан тыс көтерілуіне шектеу қойып жатырмыз, – деп жазды Томский.

Ол InDrive платформасында сапар құнын жолаушы мен жүргізуші өзара келісіп белгілейтінін еске салды. Тапсырыстар саны күрт өсіп, бос көліктер жетіспеген кезде екі тарап та жоғары баға ұсына бастайды.

Жолаушылар не дейді?

Томскийдің жазбасына пайдаланушылар жаппай шағым жазды. Көпшілігі бағаның өсуіне комиссия емес, көліктердің жетіспеуі себеп болғанын айтты.

– Яндексте 3 500 теңге тұратын сапар үшін жүргізушілер 5 000 теңгеден бастап сұрады, бірақ өздері InDrive комиссиясы небәрі 1 пайыз екенін айтады, – деп жазды пайдаланушылардың бірі.

Тағы бір пікір қалдырушының айтуынша, InDrive-қа ондаған мың жүргізушінің келуіне комиссияның төмендігі емес, Яндекстің істен шығуы себеп болған.

– Бұл жүргізушілердің тапсырысы болмаған. InDrive ешқашан таңдау мүмкіндігі болған емес, адамдар амалсыздан пайдаланған, – деп жазды ол.

Кейбір пайдаланушылар агрегатордан сапар бағасын жүргізушілердің өз еркіне қалдырмай, компанияның өзі белгілеуін талап етті.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, 11 қазанда Ресейдегі Яндекс деректер орталықтарына жасалған дрон шабуылдарына байланысты ақаулар болды. Оның салдары Қазақстан мен басқа да елдердегі Яндекс Такси және жеткізу қызметтеріне әсер етті. Соның нәтижесінде балама сервистерге, әсіресе InDrive-қа түсетін жүктеме күрт артты.