Активтерді қайтару: Антикор жемқорлардан тәркіленген шетелдегі виллаларды көрсетті

Ғалиасқар Думан

Қазақстанда заңсыз иемделген активтерді мемлекет меншігіне қайтару науқаны жалғасуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Антикор қазақстандықтардың шетелде заңсыз сатып алынған жылжымайтын мүліктері көрсетілген видео жариялады.

Қандай нысандар мемлекетке қайтарылады

Агенттік мәліметінше, қазіргі уақытта Стамбұлдағы пәтер, Франциядағы үй, БАӘ-дегі екі вилла және Мәскеудегі "Снегири Эко" және "Золотые ключи” тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан басқа, Қазақстан аумағындағы заңсыз сатып алынған активтер ел меншігіне қайтарылуда.

Мысалы, Алматыда – қонақ үй ғимараты, "Қайсар Плаза" ТОО, "Қайсар Тауэр" және "Майсат" бизнес орталықтары, "МегаТау" сауда үйі, "АрСат" және "Орион" бизнес орталықтары, коттедждер мен жеке үйлер.

Шетел асқан қаржы

2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылған. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті.

Мәселен, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органдарда тіркелген жемқорлық қылмыстарға ерекше назар аударады. Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 137-сі басшылар. Жемқорлыққа ұшыраған мемлекеттік қызметшілердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, жуырда Қазақстанда Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды. Комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің шығу көздерінің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді.

Сондай-ақ, қайтарылған активтерді басқаратын компания құрылды. Басқарушы компанияның міндеттері – мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету, активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты арнаулы мемлекеттік қорға аудару.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі органдардың жұмысын сынға алған.Оның сөзінше, билік тарапынан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға мүдделілік сұйылып кетті. Бұған ең басты себеп – ескі Қазақстанның қысымы дейді ол.