Қобыландыны білмейтін бала Бэтменді жетік білетін күнге жеттік - депутат

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында отандық киноөндірістің түйткілді мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

dzen.ru

Депутат отандық кино түсірушілер өздерінің фильмдерін үлкен экранда көрсету үшін ірі американдық киностудиялардың өкілдеріне жүгінуге мәжбүр екенін айтты.

"Қазақстандық кино түсірушілерді қолдау мақсатында барлық кинотеатрдың сеанстарында, оның ішінде прайм-тайм уақыттарында, Қазақстанда шағарылған киноларға арналған көрсетілім квотасын енгізуді ұсынамыз. Аталған квотаны Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін және отандық фильмді көру үшін бастапқы уақытта сатылған билеттердің жалпы санын ескере отырып енгізген жөн", - деді Нұргүл Тау.

Ол отандық мультипликация саласының проблемаларына да тоқталды.

"Қобыланды, Қабанбайларды білмейтін бала Человек паук, Бэтмендерді жетік білетін күнге жеттік. Алайда, өзге елдің "өгей батырлары" өз елдерінің құндылықтарын насихаттайтындығы анық. Сонымен қатар отандық мультипликация саласын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан ұлттық құндылықтарды заманауи түрде жеткізетін мемлекеттік тілдегі жобаларға субсидиялар бөлуді ұсынамыз", - деді депутат.

Нұргүл Таудың айтуынша, 2019 – 2022 жылдар аралығында Республикалық бюджеттен 17 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған 83 қазақстандық фильм түсіріліп, олардың ішінде тек 18 фильм үлкен экранға шығарылған. Аталған фильмдер ұлттық кинопрокатта небәрі 695 млн теңге жинаған.

"Дегенмен қазір жеке тұлғалардың өз қаражаты есебінен түсірілген бір фильм кинопрокатта 1 млрд теңгеге жуық қаржы жинады. Бұл – қазіргі кинонарық заңдылығын көрсетеді. Сол себепті отандық фильмдердің мемлекет тарапынан 100% қаржыландырылуын қайта қарастыруды ұсынамыз" - деді депутат.