Қазақстан киік мүйізін Қытайға сатады

Ғалиасқар Думан

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстан ақбөкендердің мүйізін Шығыс елдеріне сататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Жақында Экология министрлігі Қазақстандағы ақбөкендердің саны аулау мен ату арқылы реттелетінін хабарлады. Шенеуніктеріміз киік етін сатумен заңды түрде айналысатынын атап өтті.

Алайда ақбөкендердің мүйізін сатуға қатысты ештеңе айтылмаған болатын. Ulysmedia.kz тілшісі көптің көкейіндегі осы мәселенің анық-қанығын ведомство басшысынан сұрауды жөн көрді.

Сұрақ қоя отырып, біз желіде мүйіздер уақыт өте келе Қытайға экспорттала бастайды деген пікір тарағанын, өйткені шығыстағы көршіміз киелі аңның мүйізін дәрі-дәрмек өндірісінде белсенді пайдаланатынын атап өттік.

Министр мұны растады. Оның айтуынша, мүйіздер қазір сатылмайды, өйткені бұған CITES – 1973 жылы Вашингтонда өткен Халықаралық табиғатты қорғау одағының қарары нәтижесінде қол қойылған халықаралық үкіметтік келісім бойынша тыйым салынған.

"Ақбөкендердің мүйіздері дәстүрлі түрде Шығыс елдеріндегі фармацевтиканың құрамдас бөлігі болып табылады, негізінен Қытайда. Бүгінгі таңда оларды экспорттауға мүмкіндігіміз жоқ, өйткені CITES халықаралық ұйымы жануарлардың жекелеген түрлері, соның ішінде ақбөкендердің бөлшектері мен дериваттарын экспорттауға тыйым салды", — деді ол.

Экология министрлігінің басшысы ведомство шенеуніктері ақбөкендердің мүйіздерін сатуға рұқсат алу үшін Швейцарияға аттанғанын айтты. Экспортты 2025 жылы бастау жоспарлануда.

"Біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Комитет төрағасының орынбасары қазір Женевада, CITES-тің жануарлар дүниесі комитетінде жүр.  Онда ақбөкендердің дене бөліктері мен дериваттарын экспорттауға  салынған тыйымды алып тастау мәселесі талқылануда, – деді Нысанбаев.

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанда киіктерді аулау мерзімдері белгіленгені хабарланған.

Жуырда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде киік саны тарихи көрсеткіштен асып кеткенін мәлімдеген.

Оның дерегінше, 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болды.

«Ал 1993 жылы 1 млн 200 мың бас бар еді. Мемлекеттің қамқорлығының арқасында киік саны 1 млн 900 басқа жетті. Мұның ішіне биылғы көктемгі төлін қоспадық. Жалпы, киік – өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді. Бірақ қазірдің өзінде ең төменгі 30 пайыздық болжамды алғанның өзінде бүгінде 600 мың бас киік қосылып отыр. Бүгінде киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады», - деді ол.

Ерлан Нысанбаев киіктерді түнгі уақытта ату көзделіп отырғанын айтты. Министрдің айтуынша, ақбөкендер ауыл шаруашылығына 12 млрд теңге шығын әкелген.

Қазақстандық зооқорғаушылар айтуынша, елімізде киіктерді ату науқаны басталғалы ақбөкендер Батыс Қазақстан облысынан Ресей аумағына үдере көшіп жатыр.