Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталды

Ғалиасқар Думан

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Келіншек дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болды

– Жедел жәрдем келгенге дейін 30 жас шамасындағы келіншек қайтыс болды. Дәрігердің айтуынша, оны Достық көшесі, 16-үйде орналасқан "Бау" мейрамханасында жұбайы ұрып-соққан, - деп хабарлады дереккөз.

Оқиға орнында экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды. Бұрынғы шенеунік әйелі Салтанат Нүкенованы соққыға жыққан. Ол алған дене жарақаттарынан көз жұмды. Белгілі болғандай, полиция ұстамас бұрын Бишімбаев өзіне пышақ саламын деп қорқытқан.

Полиция ұсталған адамның аты-жөнін атамады. Алайда оқиғаны растады.

"Астана қаласының полиция департаментіне қаладағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болғанын, оның салдарынан әйел адам алған жарақаттары нәтижесінде көз жұмғаны туралы ақпарат келіп түсті. Күдікті қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында Есіл ауданы полиция департаменті және полиция басқармасының жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр”, – делінген полицияның хабарламасында.

Марқұм жайлы не белгілі

Қуандық Бишімбаевтың әйелі – 1992 жылы туған Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы. Ол – бұрынғы министрдің екінші әйелі. 

Келіншек астрологиямен айналысып, желіде жеке блогын жүргізген. Оның парақшасында көрсетілгендей мәліметке сүйенсек, консультацияларының құны шамамен 80 мың теңгені құрады.

Бишімбаевтың төрт баласы бар, үшеуі – бірінші некеден, біреуі – екінші некеден.

Жемқорлық үшін 10 жыл

Қуандық Бишімбаев 2017 жылға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарған.

2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, "Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында "Бәйтерек" АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.

2017 жылдың 10 қаңтарында Бишімбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. 2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

2019 жылдың 25 қыркүйегінде бұрынғы шенеунік бостандыққа шықты. Шымкент қаласының Абай аудандық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды.