Қостанайда су құбыры құрылысы уақытында бітпеген: сот процесі басталды

Ulysmedia

Биыл Қостанайда инженерлік желілерді қайта жаңғыртуға 270 млн теңге бөлінді. Алты нысанның екеуі қазір проблемаға айналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

pexels.com

Леонид Беда көшесіндегі жөндеу жұмыстары маусым айында басталып, қыркүйекте аяқталуы керек еді, бірақ әлі бітпеген. Жаңа су құбырының 80 пайызы ғана тартылған.

“Қостанай-Су” кәсіпорны атап өткендей, алдымен мердігерге жаңбыр кедергі келтіріп, кейін қажетті материалды ұзақ күткен. Енді оған кемінде бір-екі апта керек, бірақ мердігер жұмысты жалғастыра ма, әлде тоқтата ма –сот шешеді.

«Тұтынушылардың жұмыс уақытында суы бар. Қолданыстағы құбырға параллель су құбырын тартып жатырмыз. Сондықтан тұрғындарды сумен қамтамасыз етуде мәселе жоқ. Бірақ құрылыстың мерзімі өтіп кеткен. Осындай жағдай туындады, біз сотқа арыз беріп жатырмыз. Жұмысты жалғастыру немесе 80 пайыздық кезеңде аяқтау мәселесін сот шешеді», - дейді «Қостанай-Су» МКК жоспарлау-техникалық бөлімінің басшысы Жанболат Жұманбетов.

Егер сот мердігерді жауапсыз деп тапса, «Қостанай-Су» келесі жылы жұмысты жалғастыруға мәжбүр болады.

Дәл осындай жағдай Урицкий көшесіндегі тағы бір нысанда орын алған. Мұнда жұмыс 16 тамызда аяқталуы тиіс еді. Негізі жобаның 66 пайызы ғана орындалған. Екі мердігер де жергілікті емес екені атап өтілді.