Зейнетақы жинағы: қазақстандықтар баспанаға және емге қанша қаржы жұмсады

Ғалиасқар Думан

"БЖЗҚ" АҚ тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында уәкілетті оператор-банктерде ашылған отандастарымыздың арнайы шоттарына 1,9 млн өтінішке сәйкес 3,71 трлн теңге аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Тұрғын үйге

2021 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға берген 1,42 млн астам өтініші орындалды. Қазақстандықтардың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ шамамен 3,31 трлн теңге қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 2,32 млн теңге.

Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға өтініштердің ең көп санын Алматы қаласының (уәкілетті операторларға аударылған жалпы соманың 23,14%), Маңғыстау облысының (16,24%), Астана қаласының (13,86%) тұрғындары жолдады.

Барлық өтініштердің шамамен 34,83% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу), өтініштердің 21,24% – тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру, 15,81% - ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде), 15,26% - тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара өтеу мақсаттарына жұмсалыпты.

Емделуге

Емделуге ақы төлеу үшін жалпы сомасы 401,52 млрд теңге болатын 464,66 мың өтініш орындалды. Алынған соманың орташа мөлшері – 0,86 млн теңге.

Өтініштердің 97,6% стоматологиялық қызмет алу үшін, 1,4% офтальмологиялық қызметтерді алу бойынша орындалды. Қалған медициналық бағыттарға зейнетақы жинақтарының 1% пайдаланылды.

Салымшылардың БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на 35,58 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.