Белгілі қазақстандық заңгер Анна Димитриевич (Чернова) ел президентінен еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа рақымшылық жасау туралы жарлығын қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Заңгер өз хатында Бишімбаевтың рақымшылығын егжей-тегжейлі талдап, президенттің мұндай жарлықты рақымшылық жасау мәселелері жөніндегі комиссияның шешімі негізінде шығаратынын атап өтті.
– Яғни, сотталғанның алдын ала өтінішхатын комиссия қарайды, өз шешімін шығарады (оң немесе теріс), содан кейін ғана рақымшылық жасау туралы өтінішхатты президенттің өзі қарайды. Комиссия оң шешім шығаратын белгілі бір ережелер мен шарттар бар. Бір өтініш аз. Тиісті құжаттар да ұсынылуы керек. Бұл қандай құжаттар екені бізге белгісіз, - деді Димитриевич.
Трагедияның алдын алуға болар еді
Ол егер экс-министр 2028 жылға дейін түрмеде отырса, бұл қайғылы оқиға болмауы мүмкін екенін атап өтті.
– Құқықтық актілерді зерделегеннен кейін президенттің жарлығын президенттің өзі жоя алады деген қорытынды жасалды. "ҚР Президенті туралы" Конституциялық заңға сәйкес, 24-бапта Республика президентінің жарлықтарының күшін жою Республика президентінің жарлықтары арқылы жүргізіледі делінген. Осыған байланысты, құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, құқықтық негіздер болған жағдайда, президенттің 13.02.2019 жылғы Бишімбаевқа рақымшылық жасау туралы жарлығының күшін жою туралы мәселені қарауды сұраймын, - деп толықтырды заңгер.
Еске салайық, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
Қайтыс болған Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға тырысқан" блогерлерді айыптай сөйлеп, экс-министрді туыстары ешқашан кешірмейтінін мәлімдеді.
Марқұм жайлы не белгілі
Қуандық Бишімбаевтың әйелі – 1992 жылы туған Нүкенова Салтанат Амангелдіқызы. Ол – бұрынғы министрдің екінші әйелі.
Келіншек астрологиямен айналысып, желіде жеке блогын жүргізген. Оның парақшасында көрсетілгендей мәліметке сүйенсек, консультацияларының құны шамамен 80 мың теңгені құраған.
Жемқорлық үшін 10 жыл
Қуандық Бишімбаев 2017 жылға дейін жоғары лауазымды қызметтер атқарған.
2009-2010 жылдары Президент Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, "Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасының орынбасары болды. 2013-2016 жылдар аралығында "Бәйтерек" АҚ басқарма төрағасы, 2016 жылы бірнеше ай Ұлттық экономика министрі қызметін атқарды.
2017 жылдың 10 қаңтарында Бишімбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталды. 2018 жылдың 14 наурызында ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
2019 жылдың 25 қыркүйегінде бұрынғы шенеунік бостандыққа шықты. Шымкент қаласының Абай аудандық соты оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырды.