Жамбылда 300 млн теңгенің пәтерлерін заңсыз иемденгендер тергеліп жатыр

Ғалиасқар Думан

Жамбыл облысында азаматтық істерді талдау нәтижелері бойынша нарықтық құны 300 млн теңгеден асатын 20 жылжымайтын мүлікке меншік құқығын заңсыз иемдену схемалары анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Облыстық прокуратура мәліметінше, қаскүнемдер Тараз қаласында иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен иесіз пәтерлер мен үйлерді анықтап, жалған құқық белгілейтін құжаттарды жасап, басқа тұлғаларға сату мақсатында жеке бас пайдасына оларды иемденген.

“Аталмыш қылмыстар заңсыз шешімдердің қабылдануына ықпал еткен сотқа қолдан жасалған дәлелдемелерді ұсыну, жалған сот шешімдерін, заңсыз нотариаттық іс-әрекеттер жасау арқылы жүзеге асырылған. Облыс прокуратурасы пәтерлерді заңсыз иемдену фактілері бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша 6 қылмыстық іс тіркеді”, – делінген хабарламада.

Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес меншік иелері (өсиет бойынша және заң бойынша мұрагерлер) болмауына байланысты аталған объектілер әкімдіктің талап қоюлары бойынша соттың иесіз деп танылуына және коммуналдық меншікке айналуына жататынын атап өту керек.

Былтырғы жылы 20 объектінің 3-еуі бойынша 1 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылса, биыл Тараз қаласы №2 сотының 2023 жылғы 6 қазандағы үкімімен 2 пәтерді жымқырғаны үшін екі тұлға 2-ден 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды.

Прокуратура жылжымайтын мүліктің қалған 15 объектісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Айта кетейік, бұдан бұрын Петропавл шенеуніктері пәтерлер мен жер учаскелерін заңсыз таратып жібергені анықталған.