Түркістан облысында зауыттағы жарылыстан жұмысшы қаза тапты

Ғалиасқар Думан

Түлкібас ауданындағы цемент зауытында жарылыс болып, 52 жастағы жұмысшы қаза болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

фото: ашық дереккөзден

Оқиға Састөбе елді мекенінде орналасқан цемент зауытында болған.

Аудандық аурухана дәрігерлерінің айтуынша, жарылыстан зардап шеккен екі науқастың денесін 100 пайыз күйік шалған. Ал үшінші адамның денесі 70-75 пайызға күйген. 

«1971 жылғы науқас қайтыс болды. Қазір жансақтау бөлімінде екі адам емделіп жатыр. Жағдайлары өте ауыр», - дейді ақ халаттылар.

Облыстық полиция департаменті ҚР ҚК-нің 156-бабы 3-бөлігі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті. 

Айта кетейік, бұдан бұрын «Қазақмыс» компаниясының Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы мерт болды.