Еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында жаһандық құзыреттілік курсы енгізіліп жатыр. Бұл курс балалардың сыни ойлауын, эмоционалды интеллектісін дамытып, ақпаратты ажырата білуге үйретеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова әр мектеп өздерінің тәрбиелік функцияларын қадағалап отыруы қажет екенін айтты.
Ол Оңтүстік Корея түсірген «Кальмар ойыны» дорамасын балаларға көрсетуге болмайтынын айтты.
«Фильм Қазақстанда түсірілмеген. Фильмде белгілі бір шектеулер бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Ата-аналар ең алдымен осы фактіге назар аударуы қажет. Екіншіден, ата-аналар да, мектеп те тәрбиелік шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуі керек. Мектептерде де осы мәселеге назар аударған жөн. Әрине балалар психикасы енді-енді қалыптасу кезеңінде. Сондықтан кез келген ақпаратты үйде ата-аналар, мектепте педагогтар бақылауы керек», - дейді ол.