Уақытты бір сағат артқа жылжытқаннан не ұтамыз

Оралхан Қожанов

2024 жылы Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуі мүмкін. "Ашық НҚА" порталында "Қазақстан аумағында уақыт есептеу тәртібі" туралы 2000 жылғы 23 қарашадағы қаулыға өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасы жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

Оған сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағы 5-шi сағаттық белдеуде орналасады. Сөйтіп, бірнеше өңір 2024 жылы наурызда жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады.

"Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 01 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырсын", - делінген құжатта.

Айта кетерлігі, елімізде UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі қолданылады. Елдің көп бөлігі (батыс өңірлерді қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан. Енді сарапшылар елді бір сағатқа – UTC+5 ауыстыруды ұсынып отыр.

Ғалымдардың пікірінше, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдар мен адам денсаулығына кері әсер етеді.

Осы мәселені кешенді пысықтау мақсатында сауда және интеграция министрлігі жанынан тиісті жұмыс тобы құрылды, оның құрамына парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың көпшілігі, ғылыми институттар, медициналық жоғары оқу орындары мен қоғам қайраткерлері кірді.

Жұмыс тобының бастамашыл мүшелері "Қазақстан Республикасындағы уақытты есептеуді зерттеудің негізгі нәтижелері" есебін дайындады, онда уақыт белдеулерін реттеу немесе оларды күн (табиғи) уақытпен үндестіру халықтың денсаулығына, экономикаға, білімге, қауіпсіздікке және қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететіні аталып өтті.

2023 жылғы 1 желтоқсанда жұмыс тобының отырысында есеп бекітіліп, Қазақстан Республикасында UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл нұсқа ең дұрыс және қолайлы. Қазақстанның көптеген өңірі үшін табиғиға жақын уақытты пайдалануға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, үкімет қаулысының жобасы әзірленді.

Құжат 22 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылды.