Маңғыстау облысында теміржолшылар қысым мен қоқан-лоқыға шағымданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Азатыққа" сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында теміржолшылар қысым мен қоқан-лоқыға шағымданды.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі оқиғаны "тұрмыстық сипаттағы" жағдай деп атады.
Теміржолшылардың мәлімдемесін "Бәсе" арнасы жариялады. Видеода жұмысшылар еңбек құқықтары бұзылғанын мәлімдегеннен кейін өздеріне қоқан-лоқы жасалғанын айтады. Олардың айтуынша, 22 қазанда бөлім бастығы қысқы киім мен өзге де еңбек жағдайы мәселелері бойынша кәсіподақ мүшелерімен жиналыс өткізген.
Осы жиынға басшымен ілесіп, бейтаныс екі адам келіп, жиналыстан кейін кәсіподақ мүшелеріне қоқан-лоқы жасаған. "Жиналыс барысында көтерілген мәселелерге араласып, қорқытып-үркітіп жанжал шығарды" деді жұмысшылар.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ақтөбе облысында тағы бір еңбек дауы өршіген еді.
Сала сарапшысы, журналист Олег Червинскийдің хабарлауынша, «Tethys Petroleum» компаниясының еншілес ұйымы — «Кул-Бас» ЖШС қызметкерлері жаңа ұжымдық шарттың ұзаққа созылуына байланысты ереуілге шығуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл еңбек дауы екі жылдан бері жалғасып келеді. Қызметкерлер жаңа шартқа қол қоюды сұрап, басшылыққа жүгінген, себебі ескі келісім 2016 жылы-ақ күшін жойған.