Бой жылытамын деп қой жоғалтты

Оралхан Қожанов

Қостанай облысында шопан жылынамын деп, 35 миллион теңгенің малын жоғалтып алған. Жеті сағатқа созылған іздеуден кейін Ақкөл ауылының маңынан мал табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

13 желтоқсанда Жангелдин ауданының Көкалат кентінде 51 жастағы малшы жергілікті учаскелік полиция қызметкеріне малының жоғалғанын айтып, көмек сұраған. Ол суықтан тоңып, жылынуға кеткенде малынан айырылып қалған екен.

Учаскелік полиция қызметкерлері әріптестерін көмекке шақырып, жедел іздеуге кіріскен.

"Сол күні ауа-райының қолайсыздығына қарамастан малды дереу іздедік. Біздің ауданда қасқырлар өте көп. Сол себепті іздеу жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайды. Жеті сағатқа созылған іздеуден кейін Ақкөл ауылының маңынан мал табылды. 800 бас ұсақ мал жоғалған жерден шамамен 50 шақырым жерге ығып кеткен", - деді учаскелік инспектор Олжас Әбенов.

“Бір қойдың құны 40-45 мың деп есептесек, шамамен 35 миллион теңгеден астам шығынға ұшыраған болар едім”, дейді малшы полицейлерге алғысын айтып.