Қоқыс мәселесіне атүсті қараған шенеуніктер қатаң сөгіс алды

Аян Өрібай

Үкіметте қоқыс үйінділері мен қалдықтарды реттеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

egemen.kz

«Жалпы, өңірлерде тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Алайда, Ұлытау, Алматы және Маңғыстау облыстары ең төмен нәтиже көрсетіп отыр. Аталған өңір әкімдеріне осы салаға жетекшілік жасайтын орынбасарларына қатаң сөгіс жариялауды тапсырамын», - деді Смайылов үкімет отырысында.

Белгілі болғандай, аудандар мен қалалардың 75%-і коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеуге әлі кіріспеген. Ал мерзім әлдеқашан өтіп кеткен. Мысалы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және тағы да сол Маңғыстау облысында бірде-бір жоспар әзірленбеген.

“Сондықтан, аталған өңір әкімдері де өздерінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тапсырманы орындамағаны үшін сөгіс жарияласын. Енді бұл процесті әкімдердің өздері жеке бақылауда ұстауы тиіс. Министрлік сатып алу рәсімдеріне байланысты мерзімді келесі жылдың ортасына дейін ұзартуды сұрап отыр. Егер жұмыстар 1-ші сәуірге дейін аяқталмаса, тиісті тәртіптік шаралар қабылданатын болады. Жалпы, стихиялық қоқыстарды болдырмау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер бірінші кезекте қалдықтарды қайта өңдейтін инфрақұрылымды ретке келтіріп алады.

Бұл жерде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің механизмін белсенді түрде қолдану керек. Қалдықтарды сұрыптау және оларды кәдеге жаратудың нақты жүйесін құрған жөн. Мұның барлығын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейте отырып, жүргізу қажет. Сондай-ақ, қабылданған Экологиялық білім беру мен тәрбиелеу жөніндегі 2029-ші жылға дейінгі іс-шаралар жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет” – деді Смайылов.

Осы орайда, үкімет басшысы бірқатар тапсырма беріп, бақылау мен үйлестіруді Роман Склярға жүктеді.

“Бірінші. Өңір әкімдері 2024-ші жылғы 1-ші наурызға дейін нақты іс-шаралар мен іске асыру механизмдерін қамтитын коммуналдық қалдықтарды реттеу бағдарламаларын әзірлеу және бекіту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет.

Екінші. Экология министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, келесі жылғы қаңтардың соңына дейін инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жөніндегі қажетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауы тиіс.

Үшінші. Экология және Ұлттық экономика министрліктері Әкімшілік кодекске рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтарды тастағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер енгізуді тездетуі тиіс”, – деді үкімет басшысы.