Испаниядан Қазақстанға келіп туған анасын іздеп жүрген Жәнібек (Мұрат) мәселе шешілмейінше шетелге қайтпайтынын айтты. «Бармысың, бауырым?» хабарының жүргізушісі Қымбат Досжан үш апталық зерттеу жұмысынан кейін үш келіншекке назар түскенін, оның бірі ДНК тест жасайтын лабораторияға барғанын мәлімдеді. Енді нәтижесі күтілуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Белгілі тележүргізуші Жәнібекке «Қазақ радиосындағы» «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы арқылы көмектесіп, оның анасы туралы тың деректер табылғанын хабарлады.
“Жекеге түскен хат-қоңырауда сан жоқ. Соңғы 2 күнде үндемей отырғанымызға алаңдаған жандар да көп, арасында бізді жамандағандар да жоқ емес. Біз – «Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясы өз жұмысымызды білеміз. Бірнеше мемлекеттік мекемеге хат жазып, ресми мәліметтер алдық. Ақпарат тапқан сайын оны жақсылап зерттемей, жалаулатып жариялай салуға тағы болмайды. Білесіздер ме, бұл жұмбақты шешкен сайын түйіншегі керісінше тастай түйіліп бара жатыр...
Перзентханаға жедел жәрдем арқылы келген, қабылданған, босанған, төрт күн төсегінде түнеген келіншектің жеке құжат көшірмесі әлі табылған жоқ. Бар құжаттың қалай толырылғанын міне, әдейі көрсетіп отырмыз. Нәресте өмірге келгендегі мәліметті, яғни 2002 жылдың қаңтарында дәрігер Совет одағынан қалған «Путевой лист грузового автомобиля, Талон заказчика» деген 1983 жылы әзірленген бланкіге түсініксіз жазумен жаза салған... Қай жағынан келсек те, ресми құжаттарда жазылған келіншектің аты-жөні өтірік сияқты...”, – дейді журналист.
Қымбат Досжанның айтуынша, басты мақсат — сонау жерден мейірімге шөлдеп келген баланың анасын тауып беру. “Кей әйелдің әлемін білесіздер, қиындыққа толы. Баласынан бас тартқанда, басқа жол көрмей, жақыннан қолдау таппай, сондай шешімге баруға мәжбүр болған. Сондықтан туған анасына қатысты ауыр сөз жазбаңыздар. Иә, қателескен шығар, бірақ ол да адам. Оның да құқығы бар”, деді ол.
“Сондықтан егер ДНК тест нәтижесі бойынша кешегі келіншек баланың туған анасы болып шықса, біз ол келіншектің фотосын әлеуметтік желіден де, эфирден де көрсетпейміз, аты-жөнін де атамаймыз, ҚҰПИЯ түрде қалады. Баласымен ғана табысады, танысады. Біз о бастан құпия болады деп уәде бердік, сол сөзімізде тұрамыз. Егер бұл келіншек баланың туған анасы болмай шықса, зерттеу жұмысы жалғасады”, – деді Қ.Досжан.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланған еді. Белгілі болғандай, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғызбасты анасы асырап алуға алып кеткен.
Бұдан кейін Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы арнайы шығарылым арнады. Хабар барысында Мұратқа қатысты тың мәліметтер табылғаны белгілі болды. Мұраттың балалар үйіндегі аты-жөні Жұмағұлов Жәнібек Мұратұлы деп көрсетілген. Бұл мәлімет ресми құжат – жергілікті әкімдіктің Қаулысымен расталған.
Ал эфир барысында есімін «Мұрат» деп аталуының басты себебі: ол дейін өзін Жани деп келген, кейін әлі көрмеген әкесінің атын ұнатып, өзінің екінші есіміне айналдырған екен. Көпшілікпен де «Мұрат» деп танысады.