Бүгін - Халықаралық қар барысы күні

Ulysmedia

23 қазан – Халықаралық қар барысы күні. Бұл күн 2013 жылы Бішкектегі қар барысын қорғау туралы өткен дүниежүзілік форумда бекітілді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қар барысы таралу ауқымы мен саны азая бастаған жыртқыш ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі елімізде 130-ға жуық қар барысы бар екенін мәлімдеді. Олар Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Көлсай көлдері, Катон Қарағай, Сайрам-Өгем, Шарын, Алтын Емел МҰТП, Ақсу-Жабағылы және Алматы мемлекеттік табиғи қорығы сияқты 9 ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мекендейді.

БҰҰ Даму бағдарламасы аясында «Қар барысын сақтау жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары» әзірленді. Жоспардың мақсаты – қар барысының популяциясын ғылыми зерттеу. Фототұзақ арқылы «Алтын-Емел» МҰТП аумағын да қар бырысы мекен ететіні анықталды. Мұнда қар барысының отбасы тіркелген.

Қар барысы 2700-5000 метр биіктікте өмір сүреді. Құйрығының ұзындығы 1 метрге, денесінің ұзындығы 2,1 м жететіндері де кездеседі. Қар барысы Қазақстаннан бөлек Қытай, Моңғолия, Индия, Непал, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресей, Ауғанстан, Бутан, Өзбекстан жерлерінде де кездеседі. Жер бетіндегі қар барысының жалпы саны 4-6 мың аралығында.