"Жыланды" кенішінде 31 жастағы машинист жерасты өздігінен жүретін машинаның доңғалақтарының астында қалып, қаза тапты. Бір қызығы, қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында ҚР-да 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қаралған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлытау облысында 26 желтоқсанда "Восточная Сары-Оба" шахтасында жерасты өздігінен жүретін машинаның жүргізушісі кеніштің 31 жастағы қызметкерін жаншып кетті.
Жүргізуші абайсызда әріптесін басып кеткен. Арнайы құрылған комиссия болған трагедияның барлық мән-жайларын анықтауға кірісіп кетті.
Сәйкестік пе?
Дәл сол күні таңертең Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов үкімет отырысында қазақстандық жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің өмірін сақтандыруға асықпайтынын атап өткен еді.
– Ал бізде өндірістік жарақат алу көрсеткіші біршама жоғары екенін атап өтуге тура келеді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады. Мысалы, биыл «Қазақмыс» компаниясында өндірістік жарақат алу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен астам өсіп кетті, - дейді Смайылов.
Бұған дейін “Қазақмысқа” қарасты Жамбыл облысындағы "Жайсан" кенішінде қайғылы оқиға орын алған еді.