Журналистер мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау" - қазіргі Qarmet компаниясы арқылы елге ресейлік капитал кіргелі жатыр ма деп сұрақ қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Сіздің өзіңіз Қарағанды облысының әкімі қызметін атқардыңыз. Qarmet компаниясын сол салада ешқашан еңбек етпеген адамға немесе компанияға берілуін қалай бағалайсыз? Ол аз десеңіз, осы акционер арқылы аталған комбинатқа ресейлік капитал кіреді деген де әңгіме бар. Осы мәселе жөнінде пікіріңіз қандай? – деп сұрады журналистер Ерлан Қошановтан мәжіліс кулуарында.
Бұл сұраққа жауап берген Ерлан Қошанов құзыретті органдар сондай шешім қабылдағанын, ең алдымен, компания жұмысшылар алдында міндеттерін, оның ішінде әлеуметтік міндеттемелерін орындауы керектігін айтты.
– Ең бірінші кезекте, бұл айлық мәселесі. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, – деді ол.
Журналистер сұрағын қайталап, ауыр өнеркәсіпте еңбек етпеген компанияның бұрынғы “АМТ”-ны алғаны алаңдатқан жоқ па деп те сұраған. Қошанов “өзі сенетін құзырлы органдар сондай шешім қабылдағанын” айтты.
– Уақыт көрсетеді, – деді ол.
Естеріңізге салсақ, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, 46 кенші қаза болды.
Шахтада көз жұмған жұмысшылардың толық тізімі жарияланды.
Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапев АМТ-ның жаңа инвесторын атаған еді. Ол - Аллюр компаниялар тобының басшысы, кәсіпкер Андрей Лаврентьев.
Лакшми Митталдың Қазақстанда өз активтерін қанша сомаға сатқаны белгілі болды. Мәміле Лондонда өткен. Бастапқыда Миттал 3,5 миллиард доллар сұраған, бірақ соңында бұл сома азайған. Ақыры, Лакшми Миттал Қазақстандағы активтерін 286 млн долларға сатқан.
9 желтоқсанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрттің себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Сол тұста жеті адам қамауға алынғаны белгілі болды.