Германияда Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды

Ulysmedia

Бүгін Германия Федеративтік Республикасының астанасы Берлин қаласында еліміздің ұлы ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: gov.kz

gov.kz-ның мәліметінше, ескерткіштің ашылу рәсіміне Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Қазақстан Республикасының Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Кәріпов қатысты.

Ақтоты Райымқұлова Германия халқы мен Үкіметіне еліміздің Абайға ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысын қолдап, демеу көрсеткені үшін алғыс білдірді.

«Былтыр біз әлемдік деңгейдегі ойшыл, ұлы ақын, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі – Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Мерейтой аясында Сингапурда, Болгарияда, Мажарстанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Пәкстанда, Эфиопияда, Чехияда Абай орталығы оқырманға есігін айқара ашты. Сонымен қатар Мажарстан, Оңтүстік Корея Республикасы, Франция, Түркия, Өзбекстан, Мысыр, Ресей Федерациясы және басқа елдерде Абай ескерткіші ашылды.

Абай Құнанбайұлы мен Германия халқының ұлы ақыны Гете поэзиясы арасында таңғаларлық үндестікті байқамау мүмкін емес. Абай аудармасының арқасында біз Иоганн Гетенің біршама туындысымен етене таныстық»,-деді Мәдениет және спорт министрі.

Абай Құнанбайұлы мүсінінің авторы «Әлем халықтарының өнері» Халықаралық Ассоциациясының лауреаты Болат Мекебаев.