Екі бала әкесіз қалды: зауытта қаза тапқан Қазақстан чемпионы туралы не белгілі

Сырым Қаржас
әлеуметтік желі

Ulysmedia.kz 28 жастағы балуан Әділ Тілектестің қазасына қатысты тың деректерді білді. Спортшы керамикалық плитка өндіретін зауытта жұмыс істеген.

Кәсіпорындағы қайғылы оқиға

Әділдің есту қабілеті бұзылған, оған үшінші топтағы мүгедектік берілген. Оның жұбайының да есту қабілеті бұзылған. Ерлі-зайыпты ымдау тілі арқылы сөйлескен. Оның артында екі кішкентай баласы қалды. Бірінің жасы жақында төртке толса, екіншісі бір жаста.

Қолда бар ақпаратқа сәйкес, спортшы жұмыс істеген компания өкілдері отбасына барып, кешірім сұраған. Алайда марқұмның жақындарына әзірше өтемақы төленбеген.

Еске салайық, 12 қыркүйекте ер адам жұмыс кезінде ауыр жарақат алған. Оны электр тогы соғып, биіктіктен құлап кеткен.

– Қаладағы кәсіпорындардың бірінің аумағында жұмысшының қаза болу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді, – деп хабарлады Шымкент полиция департаменті.

Жазда да бозкілемге шыққан

Әділ Тілектес грек-рим және еркін күреспен айналысып, есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында жарыстарға қатысқан.

2018 жылы Ақтөбеде өткен Қазақстан спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бір жылдан кейін Қостанайда 60 келіге дейінгі салмақта тағы да алтын медаль иеленді.

Спортшы биыл да жарыстарға қатысуын жалғастырған. Жазда жарыстарға барып, бозкілемге шыққан. Қайтыс болған кезде ол Қазақстанның қолданыстағы чемпионы мәртебесінде болған.

Әділ Тілектес небәрі 28 жаста еді.