900 долларға – 5 қызмет: Қазақстандағы филиппиндік күтушілердің көлеңкелі нарығы

Ілияс Бақыт
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда филиппиндік бала күтушілердің жабық нарығы қарқынды дамып келеді. Оның өз делдалдары, белгіленген бағалары мен өзіндік тәртіптері бар. Әлеуметтік желілерде «филиппиндік бала күтушілердің жаңа легі» келгені туралы хабарландырулар пайда болса, арнайы сайттарда бала күтушісін кәдімгі тауар секілді таңдауға болады: суреті, жасы, қаласы мен жалақысы көрсетілген.

Алайда виза, төлқұжат, еңбек жағдайы және жұмыс берушіден кету мүмкіндігі туралы қолайсыз сұрақтар қоя бастасаңыз, жылтырақтың артындағы шындық ашыла бастайды. Делдалдар телефон тұтқасын қоя салады, жауап бермей қояды немесе хабарламаларды елеусіз қалдырады. Бізбен осы нарықтың бір ғана өкілі әңгімелесуге келісті.

Бұл жабық нарықтың ар жағында «ыңғайлы шетелдік күтуші» туралы қалыптасқан түсінікке сыймайтын оқиғалар жатыр. Құқық қорғаушылар әйелдердің үйлерге қамалып қалғандай күйге түскен, құжаттарын қайтара алмаған немесе жұмыстан кету үшін қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр болған жағдайлары бар екенін айтады. Сұхбаттасушылардың бірі шіркеу арқылы қашып шыққан филиппиндік әйел туралы еске алды.

Ulysmedia.kz ауқатты отбасы үшін көрсетілетін қымбат қызметтің қай тұста аяқталып, адам еңбегін қанау қай жерден басталатынын анықтап көрді.

ТІЛ БІЛМЕУ АРТЫҚШЫЛЫҚ ПА?

Арнайы сайттар мен әлеуметтік желілерде бұл нарық кәдімгі интернет-дүкенге ұқсайды. Күтушіні суретіне, жасына, дағдыларының тізіміне және айына 800-1000 доллар аралығындағы бағасына қарап таңдауға болады. Делдалдар хабарландыруларында дәл қазір «бос тұрған филиппиндік бала күтушілер барын» немесе «жаңа легі келгенін» еш қысылмай жазады.

Алайда агенттіктердің негізгі маркетингтік артықшылығының өзі цинизмімен таңғалдырады: күтушілердің орыс және қазақ тілдерін мүлдем білмеуі клиенттерге айрықша артықшылық ретінде ұсынылады.

– Күтуші отбасының әңгімесін түсінбейді, араласпайды, дау айтпайды және тапсырмаларға қарсылық білдірмейді, – деп көрсетіледі жарнамалық жарияланымдардың бірінде.

Қалыпты еңбек жағдайында бейімделуге кедергі саналатын тілдік мәселе мұнда қызметкердің сөзсіз бағынуы мен толық оқшаулануының кепілі ретінде сатылып отыр.

БІР АДАМ – БЕС МАМАНДЫҚ

Доллармен көрсетілген тартымды жалақының ар жағында орасан зор жұмыс жүктемесі тұр. Күтуші жалдаған қазақстандық жұмыс берушілер көбіне «5 қызмет – бір адам» форматындағы қызмет алады: бала күтуші, үй жинаушы, аспаз, кір жуушы және ағылшын тілі репетиторы. Оның үстіне жұмыс кестесі әдетте аптасына 6 күнді құрайды, ал жұмыс күні 12-14 сағатқа созылады – таңғы тоғыздан кешкі тоғыз-тоғыз жарымға дейін.

40 жастағы Рейчел Ди Вера Қазақстанға 2025 жылы келіп, төрт баласы бар отбасына жұмысқа орналасқан. Қазақстанда жұмыс бар екенін ол әлеуметтік желілер арқылы білген. Әйелдің айтуынша, Қазақстанда филиппиндік мигранттардың едәуір үлкен қауымдастығы бар – олар бір-бірімен жаңалықтар мен жұмыс мүмкіндіктері туралы ақпарат бөліседі.

– Мен үй жинадым, тамақ пісірдім, балаларға қарадым. Таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін – үзіліссіз 12 сағат жұмыс істеп, 900 доллар алдым. Кейбір филиппиндіктер көбірек алады – 1000 доллар немесе соған жуық. Негізі, 900 АҚШ доллары аз, өйткені бұл әлемде бәрі өте қымбат. Бірақ Қазақстанда тамақ басқа елдердегідей қымбат емес. Ал киім, аяқ киім сияқты заттар мұнда қымбатырақ, – дейді Рейчел.

Кейін ол жеке үйдегі жұмысынан шығып, Астанадағы халықаралық мектепке орналасып, қалыпты 8 сағаттық жұмыс күніне көшкен. Қазір мектепке дейінгі жастағы балаларға ағылшын тілінен сабақ береді. Алайда мұндай мүмкіндік санаулы адамға ғана бұйырады.

Біз Рейчелден жұмыс берушілер тарапынан қатыгездікке тап болған-болмағанын сұрадық. Ол мұндай жағдайды көрмегенін айтты. Тіпті Қазақстанда осындай оқиғалар туралы естімегенін жеткізді. Алайда құқық қорғаушылардың мәліметі мүлдем басқа.

КӨЛЕҢКЕЛІ СХЕМАЛАР ЖӘНЕ 7 МЫҢ ДОЛЛАРҒА ДЕЙІНГІ АЙЫППҰЛ

Бұл нарықтың шынайы бейнесін «Қорғау» қорының жетекшісі Анна Рыль сипаттап берді. Ол – бүгінде Қазақстанда Филиппин азаматтарының құқықтарын жүйелі түрде қорғаумен айналысып жүрген жалғыз құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, филиппиндіктерден түскен өтініштер дағдарыс орталығына іс жүзінде ай сайын келіп түседі. Бұл жай ғана жұмыс берушілермен арадағы тұрмыстық даулар емес. Құқық қорғаушылардың тәжірибесінде құжаттарды алып қою, жұмыстан кеткені үшін ірі көлемде айыппұл салу, тіпті шетелдік әйел Қазақстанға келгеннен кейін оның атқаратын жұмысының мүлдем өзгеріп кетуі сияқты жағдайлар тұрақты кездеседі.

Рыльдің айтуынша, шетелдік әйелдер үшін елеулі қауіп құжаттарды рәсімдеу кезеңінің өзінде басталады. Делдалдар әйелдерді Қазақстанға әкеліп, кейін, оның айтуынша, түсініксіз визалық схемаларды пайдаланады және қызметкерді агенттікке немесе отбасына қатаң байлайтын келісімдер жасайды.

– Агенттік әйелді алып келгеннен кейін оның визасына 200 доллардан 1000 долларға дейін ақша төлейді де, келісімшарт жасайды. Онда филиппиндік әйел жұмыстан кететін болса, билет құнын, визаның ақшасын және, әдетте, тағы 1000 долларды қайтаруы керек деп жазылады. Біз паспорттың бүкіл жұмыс кезеңінде осы жұмыспен қамту агенттігінде сақталуы тиіс екені көрсетілген түрлі келісімшарттарды көрдік. Егер ол жұмыс жағдайына көңілі толмай, кеткісі келсе, 3, 5, 7 мың доллар төлеуі керек, – деді Рыль.

Ресми түрде мұндай шарттар жұмыс берушінің шығынын сақтандыру тетігі ретінде түсіндіріледі. Алайда іс жүзінде әйелдің төлқұжатын алып қойып, жұмыстан шығу үшін бірнеше мың доллар талап етілсе, мұның атауы басқа.

Анна Рыль отбасындағы еңбек жағдайы төзуге келмейтін болса, жұмысшының тығырыққа тірелетінін атап өтті. Елден шықпай тұрып жұмыс берушіні ауыстыру өте қиын, ал өз құқықтарын қорғауға жасалған кез келген әрекет әйелдің заңды мәртебесінен айырылуына әкелуі мүмкін. Алайда ең алаңдатарлық жағдайлар шетелдік әйелдің Қазақстанға келуіне себеп болған жұмыс пен нақты атқаратын міндеттері мүлдем сәйкес келмеген кезде болады. Анна Рыльдің тәжірибесінде күтуші қызметінің артында мүлдем басқа жұмыс тұрған жағдайлар кездескен.

– Бізде филиппиндік әйелдерге бала күтуші қызметіне шақырып, шын мәнінде оларды массаж салонына жұмысқа апарған жағдай болды. Кейбір қыздар келіссе, кейбірі бас тартты. Келіспеген жағдайда ақша талап еткен. Олардың біреуі бірден бас тартып, біздің орталықта болды, – деді ол.

Құқық қорғаушының айтуынша, мұндай жағдайда іске Мәскеуде орналасқан Филиппин елшілігі де араласады. Алайда Рыльдің айтуынша, қауіпсіз жерге шыққаннан кейін де зардап шеккен әйелдер полицияға арыз жазудан жиі бас тартады. Себебі ұзаққа созылатын тергеу кезінде бөтен елде тұрып қалудан қорқады.

«ҚАШЫП КЕТПЕС ҮШІН ПАСПОРТЫН АЛЫП ҚОЯМЫЗ»

Бұл бизнестің ең күмәнді тұсы – жеке құжаттарды алып қою. Жұмыс берушілердің немесе агенттіктердің паспорттарды сақтап қалу тәжірибесін филиппиндік әйелдердің өздері де растайды. Солардың бірі – біз сөйлескен Рейчел Ди Вера.

Ulysmedia.kz редакциясы Қазақстанға филиппиндік күтушілерді әкеліп, жұмысқа орналастырумен тікелей айналысатын адамдармен сөйлесіп көруге тырысты. Бұл нарықтың ішкі қыр-сырын түсіну неге қиын екенін біз көп ұзамай түсіндік.

Әлеуметтік желілерде жаңа хабарландырулар самсап тұр. Кейбірі бірінен соң бірі жарияланады: «бос тұрған филиппиндік күтушілер», «жаңа лек», дайын визасы бар күтушілер, Астана, Алматы және басқа қалаларға ұсыныстар.

Біз делдалдар мен агенттіктердің нөмірлерін жинап, оларға хабарласа бастадық. Алайда тілшімен сөйлесуге ешкім келісе қоймады: бірі әңгімені бірден тоқтатты, енді бірі бірнеше хабарламадан кейін жауап бермей қойды. Ал өзін қарапайым «клиент» ретінде таныстырған журналиске күтуші жалдау туралы ұсыныстарды еш қиындықсыз беріп отырды.

БАҚ өкілімен ашық сөйлесуге келіскен осы саланың жалғыз өкілі – Әлия Маутова болды. Ол нарықта дүрбелең болып жатқанын, сонымен бірге күмәнді кеңселердің де көбейіп кеткенін мойындайды. Ең бастысы, ол шетелдік әйелдердің паспортын алып қою шамамен 50% жағдайда қолданылатынын растады. Алайда делдалдардың түсінігінде бұл адам құқығын бұзу емес, «жұмыс барысындағы қажеттілік» әрі қаржылық шығыннан қорғану тәсілі.

Әлия Маутова (ортада). Фото: tpeople.online

– Паспорттарды не үшін алып қоямыз? Олардың осында заңды түрде қалуы үшін қанша ақша жұмсайтынымызды шамамен айтып өттім. Оның үстіне бізден осы қыздарды ұрлап әкететін жалған агенттіктер деген үрдіс бар. Қыз өз паспортын алып, біз білмеген кезде, демалыс күндері, қоқыс тастауға шыққандай болып, заттарын тасып жүре береді. Сөйтіп бір күні кешке үйден кетіп, ізім-ғайым жоғалып кетеді, – дейді Маутова.

Риелторлар мен агенттердің логикасына сүйенсек, паспорт – жұмысшының оны әкелуге бір тиын да жұмсамаған бәсекелеске кетіп қалмауының жалғыз кепілі.

Сонымен бірге Маутова ауқатты клиенттер тарапынан қатаң талаптар қойылып, тіпті әйелдердің ашық түрде қаналу жағдайлары да кездесетінін жасырмайды. Оның айтуынша, бұл сирек кездесетін жағдай емес, шетелдік қызметкерлерді шамадан тыс жұмыс істеуге мәжбүрлейтін қазақстандық тұрмыстың ащы шындығы.

– Бізде не шектен шыға талап қояды, не керісінше, тым жұмсақ болады. Мысалы, мен бір күтуші жұмыс істеген отбасында оның еденді қолмен жууға, киімді қолмен жууға мәжбүр болғанын көрдім. Немесе үй жинауға арналған құрал-жабдықтарды – шаңсорғыштарды, шелектерді, жалпы ауыр заттардың бәрін бірінші қабаттан үшінші қабатқа күніне бірнеше рет таситын жағдайлар болған. Кейін қыздар арқалары, белдері ауырғанын айтып шағымданады. Меніңше, бұл енді қанауға жатады, – дейді Маутова.

Оның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын филиппиндік күтушіні санаулы адам ғана – ең бай, ауқатты отбасылар ғана жалдай алатын. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерген. Бұл қызмет әлдеқайда қолжетімді болып, енді мұндай қызметкерлерді ортадан жоғары, жеткілікті табысы бар қазақстандықтар да жаппай жалдай бастаған.

Сұраныс географиясы да кеңейіп келеді. Филиппиндік күтушілер қызметіне сұраныс ең жоғары қалалар қатарында Астана, Алматы және Шымкент тұр. Алайда бұл үрдіске басқа өңірлер де белсенді қосылып жатыр. Атап айтқанда, Павлодар, Қостанай және Көкшетау.

Маутова өз агенттігіне Атыраудағы жұмыс берушілердің қолында қатты қаналған филиппиндік әйелді олардан «тартып алуға» тура келген жағдайды еске алды. Отбасы жұмысшыны алып кеткені үшін агенттікті сотқа беретінін айтып қорқытқанда, делдалдар да жауап ретінде адамды қанау және іс жүзінде құлдықта ұстау туралы бап бойынша сотқа жүгінуге дайын екенін ескерткен. Осыдан кейін жұмыс берушілер бірден шегінген.

«ШІРКЕУДІҢ КӨМЕГІМЕН ҚАШЫП ШЫҚТЫ»

Осыған ұқсас оқиғаларды құқық қорғаушы Диана Бақыт та көрген. Ол 2013-2016 жылдары «Родник» қоғамдық қорында адам саудасының құрбандарымен жұмыс істеген.

Филиппиндік әйелдерді Қазақстанға клининг қызметіне шақырған. Алайда келгеннен кейін олардың міндеттері күрт көбейген: балаларға қарау, ағылшын тілін үйрету, тамақ пісіру, үй жинау. Бұл ретте әйелдер үйден іс жүзінде шыға алмаған.

– Қыздардың бірінің аты Эден еді, тегін атамаймын. Оның балалары мен отбасы Манилада қалған. Ол мұнда күн көру үшін ақша табуға келген: отбасының ең негізгі қажеттіліктеріне де жететін қаражаты болмаған. Эден өте діндар адам еді. Ол үшін үйден шығудың жалғыз мүмкіндігі – шіркеуге барып, дұға ету болатын. Бірде шіркеуге барған кезде оның ойына: «неге қашып кетпеске?» деген ой келген. Ол қашып шығып, полиция қызметкерлеріне жүгінген. Ал олар, өз кезегінде, бізбен байланысқа шықты, – деп еске алады Диана Бақыт.

Оның айтуынша, бүгінге дейін Қазақстандағы филиппиндік әйелдердің паспорттарын алып қоюға оқиғалары толастамай тұр.

СТАТИСТИКА НЕГЕ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ?

Адам құқықтарының бұзылуына қатысты тұрақты сигналдар түсіп отырғанына қарамастан, мемлекеттік органдардың ұстанымы шындыққа жанаспайтындай көрінеді.

Ulysmedia.kz сауалына ҚР Еңбек министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті заң талаптары бар екенін және үй қызметкерлерінің қорғалатынын айтты. Алайда ведомство шетелдік үй қызметкерлерінің азаматтығы бойынша жеке статистикалық есеп жүргізілмейтінін мойындады.

Қазақстанда қанша филиппиндік әйел жұмыс істейтіні, оларды қанша агенттік елге әкелетіні және бюджетке қанша салық түсетіні туралы мемлекетте нақты мәлімет жоқ.

 Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті үй қызметкерлерінің азаматтығы бойынша жеке статистикалық есеп жүргізбейді. Осыған байланысты үй қызметкері ретінде еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Филиппин Республикасы азаматтарының саны, олардың өңірлер бойынша бөлінісі, санының динамикасы, салық түсімдерінің көлемі, сондай-ақ азаматтығына қарай орташа жалақысы туралы мәліметтер Комитет қалыптастыратын статистикалық деректерге жатпайды, – деп хабарлады ведомство.

Рекрутерлердің өздеріне қатысты да жүйелі есеп жүргізілмейді. Мемлекет шетелдік үй қызметкерлерін әкелетін агенттіктер бойынша бөлек статистика жүргізбейді.

Еңбек министрлігі шетелдіктердің шағымдары жалпы тәртіппен қаралатынын мәлімдеді. Ведомство негізгі заң бұзушылықтар қатарында жалақының кешіктірілуін, еңбек шартының болмауын және жұмыс уақытының шамадан тыс ұзартылуын атады.

Алайда мәселе дәл осы жерде тұйыққа тіреледі. Ведомство құқықтарды қорғауға дайын екенін мәлімдегенімен, елдегі филиппиндік әйелдердің нақты саны, бюджеттен тыс айналымдағы қаражат көлемі және рекрутерлердің қызметі туралы нақты түсінігі жоқ. Ресми статистика болмағандықтан Қазақстандағы шетелдік күтушілер құқығының жаппай тапталу мәселесі де жоқ сияқты көрінеді.

Ulysmedia.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, Қазақстанның құқық қорғау органдарына қанша Филиппин азаматы көмек сұрап жүгінгенін, ықтимал қанау және олардың құқықтарының бұзылу фактілері бойынша қанша қылмыстық іс қозғалғанын және бұл істердің немен аяқталғанын сұрады. Жауап күтелік.