Шымкентте қызыл жалыннан қаймықпай, 6 баланы аман алып қалған келіншек мемлекеттік наградаға ұсынылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Марина Гафарованы бейбіт күннің батырына теңеп, өзгелерге үлгі етті. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жергілікті әкімдік өкілдері де батыр әйелді құттықтап, баспана беруге уәде берді.
Оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат екілердің шамасында болған. 27 жастағы Марина Гафарова көрші үйдегі қою түтінді бірінші болып көріп, балалардың жылаған даусын естігенін айтады. Сөйтіп, терезені сындырып, ата-ана қарауынсыз қалған 6 баланы қауіпсіз жерге алып шыққан.
Лаулаған жалыннан қорықпай, адам өмірін аман сақтап қалған ол өзін батыр санамайды. Керісінше, "әрбір азамат менің орнымда болса, осындай қадамға барар еді", - дейді. Өзі де 4 баланы тәрбиелеп отырғандықтан, балалардың болашағы жарқын болса екен деп тілейді.
Ерлікке пара-пар үлкен іс осыдан кейін әлеуметтік желіде жедел тарады. Ғаламтор қолданушылары Маринаға деген ыстық ықыласын білдіріп, өзгелерге үлгі болғанын жазып жатыр. Сондай-ақ өзі оқыған мектептегі оқытушылары мен түрлі мемлекеттік мекеменің басшылары да құрмет көрсетуге арнайы келді.
Төтенше жағдайлар қызметкерлері өрттің шығу себебін балалардың отпен ойнауынан туындағанын жеткізді. Ал құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, батылдығы мен жанқиярлық ерлігін көрсеткен Маринаны марапатқа ұсынды.
"Өрт орнына өрт сөндіруші қызметкерлер жеткенге дейін өз бетінше адамдарды құтқарып қалу болмаса өрттерді сөндіру жұмыстары бізде жиі болады. Барлығын елеп, барлығына көңіл бөлеміз. Қазіргі уақытта Марина Гафарованың ерлігін ескеріп, оны марапаттау бойынша министрлікке хат жолданды", - дейді қалалық ТЖД ресми өкілі Асқар Шәріп.
Сондай-ақ бір отбасын ажалдан арашалаған жанға қала билігі де қолдау көрсететінін жеткізді. Демеушілер есебінен жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен 4 бөлмелі пәтерді сыйға тартуға уәде берді.