Елімізде VIP-нөмірлер санмен ғана емес, әріппен де берілуі мүмкін

Ulysmedia

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ақшаға сатып алуға болатын «әдемі» мемлекеттік нөмірлердің тізімін кеңейтуді ұсынды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, сұранысы зор нөмірлерді ұлғайту мәселесі пысықталды. Оны заңнамалық түрде бекіту қажет. Осыған байланысты сізден қолдау сұрағым келеді. Сіздер әртүрлі нөмірлік белгілердің танымал екенін білесіздер. 777 сияқты нөмірлік белгілер бар. Оларды бюджетке ақы төлеу арқылы сатып алуға болады. Ал әлі реттелмеген нөмірлік белгілер баршылық. Оларды да сатып алуға болатындай етіп, тізімін заңмен бекіткіміз келеді», - деді Мусин Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Мусин бұл ұсынысты қолдауды мәжілісмендерден сұрады. Сондай-ақ Мусин автокөлікпен байланысты мәселелерде мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай нүктесі ретінде электрондық үкіметті монополиясыздандырудың табыстары туралы айтып берді.

«Танымал платформалар мен сервистер арқылы қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, қосымша арқылы көлікті тіркеу процесті айтарлықтай оңтайландыруға және автоматтандыруға, сондай-ақ азаматтардың уақыты мен шығындарын үнемдеуге мүмкіндік берді. Автокөлік сатып алушыға да, сатушыға да өтініш беру үшін ХҚКО-ға барудың, кезек күтудің және басқа да процестердің қажеті жоқ. Бұл тәсілдер карантиндік шараларды ескере отырып, аса маңызды», - деді министр.