Алматыда жер сілкінгеннен кейін жер үй іздегендер күрт көбейді

Аян Өрібай

Жер үйді жалға алғысы келетіндердің саны күрт асып, жарнама порталына көп өтініш қалдырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы krisha.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Фото: Ашық дереккөзден

Уақытша құбылыс

Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні Алматы мен облыста жалға берілетін үйге сұраныс күрт артқан. Бірақ бұл бағаға әсер етпеген. 24 қаңтардағы мәлімет бойынша нарықта басқа өзгеріс жоқ. Пәтер сататындардың саны артпады, халықтың жаппай Астанаға ағылып жатқаны да байқалмайды.

Талдаушылар берген мәлімет бойынша қысқа мерзімге жалға берілетін үй, саяжай алатындар көбейген. Жер сілкінгеннен кейінгі бір тәулікте сұраныс төрт есе артқан.

– Бұл ұзаққа созылмайтын құбылыс. Ұзақ уақытқа үй жалға алатындар аса көп емес, дегенмен сұраныс екі есе артқан. Алматыда жалға берілетін үй, саяжайға сұраныс төрт есе артты. Нарықта ажиотаж байқалмады, еш категорияда баға құбылмады. Жұрт жеке секторға неге қызыққаны түсінікті, жер сілкінгенде үрейі ұшқан біраз адам жалған ақпаратқа сеніп, одан қатты апат бола ма деп қорықты. Кей тұрғын афтершок өткенше күте тұруды жөн көрген болар. Жалға берілетін үй, саяжай құны өскен жоқ. Орташа баға да өзгермеді, – делінген басылымда.

Алматыда үйді жалға алудың орташа бағасы — тәулігіне 100 000 теңге.

Мұндай үйлер негізінен сауық кешін өткізуге, мереке тойлауға арналған. Ондай ғимаратта бар, мангал тұратын орындар, караоке болады. Сол үшін де қымбат.

Қазір ең төмен баға мына шамада:

  • 2 бөлмелі саяжай — 10 000 теңге;
  • 3 бөлмелі жер үй — 25 000 теңге;
  • 4 бөлмелі үй — 35 000 теңге.

Сатылатын үйлерге келер болсақ, мұнда жағдай қалыпты. Баға да тұрақты. Krisha.kz талдауына сүйенсек, Алматыда жер үйдің орташа бағасы — 40 млн теңге.

Алматыдағы жер сілкінісі

Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.

Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:

  • Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
  • Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
  • Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
  • Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
  • Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
  • Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
  • Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
  • Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
  • Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.